Басты Жаңалықтар Дипломсыз психологтар жауапқа тартылады

Дипломсыз психологтар жауапқа тартылады

Енді коучтар азаматтарға психологиялық қызмет ұсына алмайды. Тиісті заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Арнайы реестр құрылмақ. Оған дипломы жоқ мамандар қосыла алмайды. Психологтарға тағы қандай талаптар қойылады? Оны орындамаса, қандай жаза қарастырылмақ? 

«Бақытты өмір сүруді үйретемін! Уайым-қайғыңды ұмытасың!». Жалған коучтардың желіде қаптаған жарнамасын енді көрмейсіз. Дипломсыз психологтардың дәуірі аяқталды. Кәсіби стандарт енгізіледі, арнайы реестр  құрылады. Оған тек жоғары не арнаулы білімі бар мамандар қабылданбақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер аспаз адамды улап қойса, мейрамхана жабылады, жауапкершілік бар, іс қозғалады. Ал егер аталған психолог адамның тағдырын, өмірін тас-талқан етсе ше, кім оған жауапты? Енді психологтардың ашық әрі нақты реестрі болады. Психолог пен психиатр дәрігердің арасындағы айқын шекара ажыратылады. Кәсіби құпияны сақтау міндеті де енгізіледі. 

Реестрге енбесе де, өзін психолог ретінде таныстырып, курс сатқандар алаяқтық бабы бойынша жазаланады. Дипломы бар мамандар да қайта даярлау сабақтарынан өтіп, кемі бес жылда бір рет емтихан тапсыруға міндеттеледі. Бұдан бөлек, психологтың кеңесінен кейін күйзеліс үдей түссе, сотқа жүгінуге болады. 

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кейбір психологтардың өзіне қазір психолог керек. Өкінішке қарай, ондай психологтар өз курстарын сатып жатыр? Егер психологиялық көмектен кейін адамның жағдайы нашарласа, реестрден тек алып тастамау керек, азаматтың шығынын моральдік зиянын өтеу керек.

Депутаттың бұл ұсынысы екінші оқылымда қаралмақ. Оқымаған психологтардың денсаулыққа қатер төндіретіні туралы ғылыми сараптама да бар. Әлемге әйгілі PlusCare платформасы TikТok-тан 500 онлайн-консультация таңдап алып, зерттеу жасаған. Нәтижесінде контенттің 84 пайызы қауіпті екені анықталды. Бірі психотерапевтің кеңесін алмай тұрып дәрі жазып берсе, енді бірі аса күрделі терапияларды қашықтан жасаған. Заң жобасында осы мәселе де ескерілді. Енді ем тағайындаған психологтар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.


Бөлісу