Джо Байденге импичмент қауіпі күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джо Байденге импичмент қауіпі күшейді

14.12.2023

Байденге тықыр таянды. Өкілдер палатасы президентке импичмент жариялау бойынша ресми тергеу бастайтын болды. Бүгін өкілдер палатасы арайы қарар қабылдады. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы баяндасын.

Респубиликалық партия өкілдері демократ Джо Байденге сенімсіздік танытуға бұрыннан асық. Өкілдер палатасы жыл басында-ақ комитет деңгейінде президент пен оның ұлына қатысты тергеуді бастап кеткен еді. Ал бүгінгі қарар сол істі Конгресс деңгейінде жүргізуге мүмкіндік береді. Депутатттар Джо Байденді 2009-2017 жылдары АҚШ президенті Брак Обаманың орынбасары болған тұста билігін пайдаланып, ұлы Хантерге шетелде бизнес жүргізуге көмектесті, әрі содан заңсыз ақша тапты деп айыптап отыр. Палата спикері Майк Джонсон сол кезде оның туыстарының есеп шоттарына шетелдіктерден қомақты қаржы түсіп тұрғанын айғақтайтын құжаттар бар дейді.

Джеймс Комер, Өкілдер палатасының депутаты:

Біз дәлелдерді жинау үшін бірнеше ай тергеу жүргіздік. Байден отбасының әрекеттері шығымен алаңдатарлық. Олар біздің жауларымыздан миллиондаған доллар алған. Бұл жайлы қарапайым америкалықтар білуге құқылы. Бүгін біз ақ үйге нақты әрі анық хабар жібердік. Енді сұраған құжаттарымызды беріп, тергеуге шақырғанда келеді деп ойлаймыз.

Конгресс тергеушілері қырық мыңдай банк жазбаларын және негізгі куәгерлерден он мың сағаттай куәлік жазып алған. Бірақ, демократ депутаттар Президенттің баласының бизнесіне болысқанын дәлелдейтін бірде бір айғақ жоқ дейді. Байденнің ұлы Хантер де бүгін Конгрестің жанында баспасөз мәслихатын өткізіп, республикашыл депутаттар өзін сынау арқылы әкесінің саяси беделіне нұқсан келтірмек деп мәлімдеді.

Хантер Байден, Президент Джо Байденнің ұлы:

Алты жыл бойы мен Трамптың шабуыл машинасының нысаны болдым. Олар мені қаралу үшін банк жазбаларын, мен жіберген мәтіндерді, достарым мен бұрынғы іскер серіктестерімнің айғақтарын өз ыңғайына қарай өзгертіп, фактілерді бұрмалады. Олар нақақ жала жапты. Турасын айтайын: әкемнің менің бизнесіме еш қатысы болмады.

Қалай болғанда да Конгресс ресми тергеуін бастады, Байденнің ұлына шақырту да жіберіп қойды. Оны енді сұрақтың астына алмақ. Бұған дейін депутаттардың сұрауларын елемей келген президент әкімшілігі де енді Конгрестің талабын орындауға міндетті болмақ. Дегенмен, республикашылдар Байденді билігінен тайдыра аламасы анық дейді сарапшылар. Себебі, өкілдер палатасы президентке сенімсіздік танытқан жағдайдың өзінде демократтардың бақылауындағы Сенат оны ақтап алары сөзсөз. Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен байланысты бұл дау келер жылы өтетін Президент сайлауының нәтижесіне әсер етуі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу