Ақтөбеде жаңа театр салынады. Аймаққа сапары аясында Президент облыс әкіміне тапсырма берді. Бұл мәдениет өкілдері көптен күткен жаңалық. Себебі ескі ғимарат әбден тозған. Мемлекет басшысы жергілікті кәсіпкерлермен де кездесіп, әлеуметтік жобалармен танысты. Өңір үшін өзекті экология мәселесіне де тоқталды. Президенттің өңірге сапары жайында Шерхан Жамбылұлының материалы.
Ақтөбе – жер көлемі бойынша еліміздегі ең ірі аймақ. Өңір тұрғындарының саны да миллионға жақындап келеді. Өндірісі мен өнеркәсібі дамыған. Тура үш ай бұрын ірі облыс тізгіні Асхат Шахаровқа сеніп тапсырылған еді. Президент бүгін қолға алынған жұмыстарды бағамдап, келешек жоспармен танысты.
Әуелі мемлекет басшысы Мәртөк ауданына барып, жас спортшылармен кездесті. Саржансайдағы бұл спорт кешені екі жыл бұрын ашылған. Күрес және футбол үйірмесі істеп тұр. Ауылдың үлкен-кішісі бар үш жүзден астам адам жаттығады. Президент отандық футболдың басты жанкүйері. Оның келешегі жарқын екеніне сенімді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымызда бір үлгі бар. Ол Ақтөбе футбол клубы. Өзім футболды жақсы білемін, қолдаймын. Стадионға барып жанкүйер болып, командамызды қолдап жатырмын. Сондықтан футболдың келешегі Қазақстанда зор болады деп ойлаймын.
Дидар Әби, джиу-джитсудан әлем чемпионы:
Спортшыға керегі ол спортзал. Бізге жаттығатын жер ауданымызда жақсы қамтылған. Ендігі чемпиондар артымыздан ере береді деген ойдамыз.
Ауылдан шығып жатқан өнім де көп. Жергілікті бренд жентке деген сұраныс жоғары.
«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР
Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы өңірде жүйелі жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде мыңнан аса адам өз кәсібін бастаған. Солардың бірі Қайрат Қашқынбаев. Ол несие алып, тауық бағып отыр. Жұмыртқа сатып-ақ кәсібіңе инвестиция жасауға болады, - дейді ол.
Қайрат Қашқынбаев, Саржансай ауылының тұрғыны:
Осы тауық бар. Сосын дүкен аштық. Жанынан ангар салдық та болашақта ой бар стройтельный материал.//+41:31+42:00-42:07// Енді поступление бар да. 10 мың 20 мың болса сол инвестиция ғой. Содан бастауға болады.
ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ
Шағын кәсіптен кейін кезек ірі бизнес өкілдерінде. Жоба, жоспарларын таныстырды. Инвестиция сомасы трлн-дармен есептеледі. Табыс табу маңызды, бірақ адамдардың денсаулығы бірінші орында. Аймақта экология мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет.
Экологияны жақсарту үшін алдағы алты жылда инвесторлар 228 млрд теңге бөледі. Түтіні будақтаған ферроқорытпа зауытының цехтары жаңғыртылмақ. Кәріз жүйесі жаңартылып, үшінші газ желісін тарту жоспарланып отыр.
ӨҢІРДЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҚАРҚЫНДЫ
Зерде зауыты өңірде жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Құны 9 млрд теңге. 220 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын жылына 5 млн шаршы метр керамогранит және қыш плита шығарады. Құрылысқа аса қажет өнімге сұраныс жоғары. Басым бөлігі көрші елдерге экспортталады.
Ғалымжан Елеуов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
2024 жылы келесі зауыт салғысы келеді. Соған жер көлемін үлкейтіп+инфрақұрылымын болашақ болатын зауытқа біз жақындатамыз. Инвестиция келеді деген сөз. Тағы да салықты, жұмыс орнын көбейтеміз деген сөз.
ПРЕЗИДЕНТ ЖАҢА ТЕАТР САЛУДЫ ТАПСЫРДЫ
Биыл қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Тахауи Ахтановтың жүз жылдық мерейтойы. Сөз өнеріне елеулі үлес қосқан жазушының ескерткішіне президент гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Ахтанов есімі Ақтөбедегі жалғыз драма театрына берілген. Дегенмен ғимарат ішінде қос бірдей театр, қазақ және орыс ұжымы отыр. Зал шағын болса да жылына 80 мың көрермен келеді. Іргетасы 1944 жылы қаланған ескі нысан әбден тозған. Заманға сай жаңа ғимарат керек.
Сайлау Қамиев, Т.Ахтанов атындағы ақтөбе драма театрының директоры:
78-79 жылдары күрделі бір жөндеу өткізілген. 19-жылы жөндеу жасалды бірақ та тек қана сырты қапталды да, көрермен залы мен сахнадағы жабдықтарды ғана жаңалатты. Ал жалпы ғимараттың өзі кішкене жөндеуді қажет етеді, әрине.
«СМАРТ БІЛІМ» МЕКТЕБІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР
Сонымен қатар Президент биыл ашылған «Смарт білім» мектебіне барды. Жекеменшік оқу ордасы әуелде ақылы ретінде қаралған. Сұраныс болған соң қазынадан қаржы бөлініп, жалпыға ортақ мектепке айналды. Оқушылар үшін отыздан аса үйірме ашылған. Білім ордасы жаңа аудандағы орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізді.
