5 ауыл Балқаш көлінен су ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 ауыл Балқаш көлінен су ішіп отыр

06.12.2023

Балқашқа бас қойған бұқара. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы бес ауыл әлі күнге көлдің суын ішіп отыр. Өйткені жарты млрд теңге жұмсалған су стансасы 10 жылдан бері істемейді. Айдынның ащы суын тұщыға айналдыратын құрылғы күйіп кеткендіктен тұрғындар балықтың дәмі бар суды ішуге мәжбүр. Шығанақ ауылына амалдау үшін Шудан қос цистернамен су жеткізіледі. Қазір тіршілік нәрінен тарыққан елдімекендер қатарында Мирный, Бұрыл, Байтал, Мыңарал бар. Балқаш көлі 12 метрге тартылғандықтан, су стансасы жағада қалып қояды. Сондықтан суды тазалай алмайды. Әкімдік 15 жыл бұрын салынған су стансасы сапасыз болғанын мойындайды. Биыл оны жөндеуге тағы 312 млн теңге бөлмек.

Рахымбай Түсіпов, Шығанақ ауылының тұрғыны:

Қазір ішіп жатқан суымыз таза су емес. Балқаштың суын фильтрмен тазалайды, ол да істемей қалды. Құр соны ішіп жатырмыз енді, оны елдің бәрі біледі. Шелекке құйсаңыз, мынадай  батпақ.

Сәбит Төлегенов, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары:

Тәтті су Шығанаққа менің есебіммен, қазір мердігерлер жасап жатыр ғой, жұмысты бастап. Бірақ ол жердің ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпанда жұмыс тоқтайды. 100 пайыз есептеп отырмыз, көктемде ауызсу толық беріледі деп. Оған дейін берілмейді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу