Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамытуға 42 млрд теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамытуға 42 млрд теңге бөлінді

21.11.2023

Қызылорда облысында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Жыл басынан бері өңірде шағын және орта бизнес өкілдерінің 3,5 мыңнан астам жобасы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландырылды. Бүгінде аймақта түрлі бағытта кәсібінің нәсібін көріп отырғандардың саны 71 мыңға жетті.

Өңірде құрылыс тауарларын шығаратын шағын кәсіпорындар көбейіп келеді. Солардың бірі, темір тор тоқитын цех. Қазір де облыс нарқын толық қамтамасыз етіп отыр. Биыл кәсіп иесі 50 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, аймақ үшін тағы бір тың өндірісті іске қосты. Жуырда кәсіпорын құрылыс нысандарының сыртын қаптауға арналған жылу ұстайтын панелдер шығара бастады.

Исатай Нұржанов, кәсіпкер:

СИП панель деген ол панелдердің ортасында пенопластпен шығады. Оның да құрал жабдықтарын өткенде тапсырыс беріп қойғанбыз. Амандық болса, алдағы күндері де оларды қосамыз. Сол кезде тез бітетін құралмалы үйлерді құрастыра беруге болады.

Бақжан он саусағынан өнер тамған ісмер. Киізден қазақы нақыштағы түрлі киімдер мен бұйымдар жасайды. Былтыр ол қайтарымсыз грант иеленіп, өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырды. Мемлекет қолдауымен 10-ға жуық құрал-жабдық сатып алып, қазір шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бақжан Шайхыслам, кәсіпкер:

Біз көбіне киізден күртеше, байпақтар әртүрлі бұйымдар шығарамыз. Тұрмыстық бұйымдар. Түрлі киімдер шығаруға болады осы киізден.

Жеке кәсіпкер Нұрбек Тұрғанбеков те биыл кәсібін кеңейтіп, тас төсеніш пен керамикалық плиталар өндірісін ұлғайтты. Жоба құны 25 миллион теңге. Жалпы кәсіпкерлік саласындағы жобаларға биыл 42 млрд. теңге бөлінді.

Азамат Қаюпов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

1300-ден аса жобасына 15 млрд теңгеге бизнеске арналған несиелер және жұмыссыз азаматтарға арналған 1,5 мыңнан аса 2,2 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік гранттармен қамтамасыз етілді.

Жалпы орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде аймақта белсенді кәсіпкерлердің үлесі артты. Бүгінде бизнес өкілдері 124 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу