Павлодар облысының энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жұмыстан қуылды. Өңір басшысы Асайын Байханов оны табиғи апат кезінде өзіне міндеттелген тапсырмаларды атқарудағы салғырттығы үшін айыптады.
Естеріңізге сала кетейік, үш күн бұрын болған қатты дауыл салдарынан аймақта 183 ғимараттың шатыры ұшты. Оның 83і - әлеуметтік нысан. Қазіргі уақытта 20 мектепте оқу уақытша тоқтатылды. 18 елдімекен әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Тіпті Павлодар қаласындағы жеке меншік үйлердің кейбірі электр қуатынан ажыратылғалы үшінші тәулікке жуықтады. Цуроевтар әулеті тамақты газ плитаға дайындап отыр. Жарық болмаған соң жылу да жоқ. Өйткені пештің сорғысы тоқпен істейді дейді.
Мария Цуроева, Павлодар қаласының тұрғыны:
Менің мектепке баратын үш немерем бар. Қызым оларды танысының үйіне алып кетті. Сол жерде үй тапсырмасын орындайды. Екі күн от жағылмағандықтан үй суық. От жағайық десек электр қуаты болмағандықтан пештің сорғысы істемейді.
Павлодар облысында желдің екпіні рекордтық жылдамдыққа жетті. Секундына 37 метр. Тоғыз ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, апаттан болған шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.
Болат Аманбаев