Қарағандыда осыдан үш ай бұрын полиция департаменті жанынан ашылған отбасы орталығы 500-ден астам жанұяға көмек көрсеткен. Әсіресе зорлық-зомбылық пен әлеуметтік қиыншылық көрген әйелдер мұнда көп келеді.
Айгүл Иманбекова екі баланың анасы. Отбасындағы әлеуметтік қиыншылықтардың салдарынан ажырасып кеткен. Күйеуі оның атынан түрлі сылтаумен несиелер рәсімдеп, кейін мүлдем қарызға батырып кеткен. Қазір балаларға алимент те төлемейді дейді.
Айгүл Иманбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Ақша болмады, өмірдің деңгейі, финансовый жағдай түсіп қалғандықтан ол несие ала бастады. Бастапқы уақытта ойын ойнады. Ананы бастаймын, мынаны бастаймын дейді. Сол кезде ол күйеуім болғандықтан, жақын адамым болғандықтан қолдап несие алған болатынмын.
Отбасындағы мәселелерді ашық айтып, тығырықтан шығар жол іздегендер үшін орталық таптырмас орын. Мұндағы инспекторлардың барлығы әйел адамдар. Өз шағымымен келген қыз-келіншектер қысылып-қымсынбау үшін осындай шешім қабылданған. Келушілерге заңгерлер, сот орындаушылар, психологтар, қорғаушылар тегін көмек көрсетеді.
Гүлбану Сәтбаева, отбасына көмек орталығының жетекшісі:
Бұрын бізде полицияға келгенде адамдар кезекші бөлімді күтіп отыратын. Оған қажыр-қайраты бар әйелдер шыдап жүреді. Ол бірнеше күн, айларға созылуы мүмкін. Ал мысалы үйінен әзер шығатын, жолдасынан қашып шыға алмай отырған әйелдер бар. Бір шыққанда барлық мәселесін шешіп алғаны әрине бұл тиімді.
Мұнда көбіне отбасында зорлық-зомбылық көріп, тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер келеді. Үш айда үйсіз-күйсіз қалған 10-ға жуық ана мен 20 шақты бала уақытша дағдарыс орталығына орналастырылған. Осы уақытқа дейін жанұядағы түсініспеушілікке байланысты 3 ер адам мамандар кеңесіне жүгінген.
Құрманғали Ысмағұлов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
Үш айдың арасында 563 азамат келді. Оларға көмек көрсетеміз. Балаға әке-шеше керек қой. Ол бала толық тәрбие көреді әке-шешесі бірге тату болғанда. Біздің мақсат солар отбасы болсын деген ниет қой.
Отбасына көмек мекемесі халыққа қызмет көрсету орталығы мен мүгедектер қоғамымен және волонтерлар штабымен бір ғимаратта орналасқан. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жұмысты жеделдетуге үлкен көмек дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы