Президент құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткізді

15.11.2023

Мемлекет басшыс, Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Президент құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткізді. Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң бәріне ортақ екенін, азаматтар заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайтынын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, «әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларының жолын кесу керек»,- деді. Вандализм, дөрекілік және бұзақылыққа қатысты заңды күшейту қажеттігіне де тоқталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс.

Айта кетейік, Президент бұған дейін де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмыстарын күшейтіп, жазаны қатаңдату туралы айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ.


Хабарламаларға жазылу