«Әскер медиа-2023» фестивалінің жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әскер медиа-2023» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

13.11.2023

«Әскер медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен өткен шараға 30-дан аса бұқаралық ақпарат құралынан 200-ге жуық өтінім түскен. Олардың ішінде тек 8 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Республикалық фестиваль жылда 7 қараша әскери журналистика күніне орай ұйымдастырылады. Биыл конкурсқа түрлі ақпараттық агенттік өкілдері, телеарна мен радио қызметкерлерінен бөлек, мектеп оқушылары да қатысты. Басты талап - журналист өз бағытына сай әскери өмір туралы жұмысын ұсыну қажет.

Еркеназ Ханатбай, «Әскер медиа-2023» фестивалінің жеңімпазы:

Журналистика мамандығымен таныс болдым. Практика жүзінде көп нәрсе байқап, баспасөз қызметімен бірге түсіріп көрдік. Армияның атмосферасын көру өз арманым болды, қыз болып армияға бармасам да, тілші болып көріп қайттым.

Жиында көп жылдан бері әскери тақырыпта қалам тербеп жүрген 2 ардагер журналист "Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:

Алдағы жылдары номинациялардың аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Шетелдік бақ өкілдері байқауға қатысуға болады. Ендігі бір кезекте қазір әскери журналистиканы қолға алып, маман даярлаудамыз. Бұл жұмысты Еуразия Ұлттық университетпен бірге жасап жатырмыз.
Бұл байқау биыл 4-ші рет ұйымдастырылды. Мақсат - әскери журналистиканы дамытып, мамандарды дағдылау. Қорғаныс министрлігі журналистерге арнап экстрималды семинарды да жиі өткізіп тұрады.

Хабарламаларға жазылу