«Аманат-2022» медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аманат-2022» медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды

25.06.2022

Елордада «Аманат» партиясының бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырған байқауы қорытындыланып, салтанатты шара өтті. Үздіктер қатарында Ұлттық арнаның журналистері де бар.

Қызыл кілем, әсем әуен, телевизия тарландары. Бәрі де сән-салтанатымен. Әдетте маңызды жиындар мен өзекті мәселелерді көтеретін журналистер бұл күні марапат пен қошеметке ие болды. Биылғы байқауға қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» атты арнайы аталым қосылған. Бұл жүлдені Ұлттық арнаның Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясының басшысы Жалғас Сәдібекұлы иеленді.

Жалғас Сәдібекұлы, «Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар» дирекциясының директоры:

Енді «аманат» сөзі халықтың бүкіл болмысы секілді қасиетті ұғым. Үміт сөзімен астарлас ұғым. Сондықтан саяси партия халықтың үмітін, сенімін ақтайды деп сенеміз. Аманат ауыр екен, бізді оны арқалауға дайынбыз.

Жалпы қауырсын қалам мүсіншесі 10 номинация бойынша табысталды. Жүлде қоры да қомақты. Қоғамдағы күрмеулі мәселелерді қаузап, қалың көпшілікке жедел ақпарат таратып жүргендер құрметке бөленді.

Қуаныш Рахметоллаұлы, «Dalanews.Kz» ақпарат агенттігінің тілшісі:

Журналист жалпы ақиқатты айтатын, не көрді, соны жазатын маман болуы керек. Қазір халық дәстүрлі журналистикаға сеніп келе жатыр. Өйткені қазір әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттарды, расталмаған ақпараттарды блогерлер тарата салуы мүмкін. Ал шынайы, нақты ақпаратты дәстүрлі журналистикадан көре аламыз.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

«Amanat» медиа сыйлығын халықтың журналистерге деген алғысы мен құрметі деп білеміз. Себебі журналист – халықтың мүддесін, халықтың үнін жеткізетін, мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек ететін тұлға. Менің ойымша, журналист деген мамандықты таңдаудың өзі үздік болу.

Биылғы медиа сыйлықтың тағы бір ерекшелігі өңірлік журналистикаға баса мән берілді. Байқауға бас аяғы 261 өтінім келіп түскен. Оның 70 пайызы аймақтардан келген. Бірнеше облыстық, аудандық газеттердің тілшілері жүзден жүйрік атанып, сыйлыққа ие болды.

Ш. Жамбылұлы, О. Берікбаев, «ҚҰТ»

Хабарламаларға жазылу