«Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

09.11.2015
 «Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Фестивальдің басты сыйлығы –  ел Президентінің Кубогы мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа бір ауыздан «Классикалық музыка. Скрипка» аталымының бас жүлде иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Мақсат Жүсіпов лайықты деп танылды.

Биылғы жылы фестивальға 388 өнерпаз сайысқа түсті. Жеңімпазды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев марапаттады.

«Шабыт» – нағыз өнер додасы. Фестиваль сахнасында тек Қазақстанның ғана емес, шетелдің үздік өнерпаздары да өнер көрсетіп келеді. Мақсат бүгін үлкен жеңіске жетті, бұдан былай да осындай жетістіктері көп болсын», –  деді Ермек Аманшаев.

Биылғы фестивальда алғаш рет өткізіліп отырған спорттық бал биі сайысында Красноярлық (Ресей) жұп Роман Зотодов пен Анна Позднякова жеңімпаз атанды.

«Халықтық музыка» аталымының домбырамен ән айту категориясында өнер көрсеткен Жақсыгелді Маясаров бас жүлдеге ие болды. Үздік домбырашы атағы мен медальді астаналық Сәкен Бекжанов иеленді. «Бейнелеу өнері» аталымында қазылар алқасының назарына ұсынылған 150 жұмыстың ішінен «Мүсін» категориясында павлодарлық Данияр Сарбасовтың туындысы, «Сәндік-қолданбалы өнерде» атыраулық Алтынбек Есенғазиевтің жұмысы үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды.

«Академиялық ән айту» категориясында астаналық Шахризада Тыныштық бас жүлдені иеленді.

«Фортепиано» бойынша бас жүлдені алматылық Рабиға Дүйсембаева алса, «Альт, виолончель, контрабас» категориясында Павел Романенко бас жүлдеге лайық деп танылды. «Цирк өнері» аталымында Алматыдан келген Қазақ мемлекеттік циркі командасы үздік атанды.

Гала концертте  фестивальдің тәлімгерлері, қазылар алқасы мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу