Өскеменде бірқатар құрылыс компаниясына миллиондаған айыппұл салынды. Тоғыз жекеменшік мекеме авторлық және техникалық қадағалау орындарынан арнайы рұқсат құжат алмастан көпқабатты нысандар салған.
Тіпті құрылысты жоба-жоспарсыз жүргізген. Ал кейбір мекемелер үлескерлік құрылыс жүргізетін құжаттары болмаса да, үлескерлерден пәтерге алдын-ала төлем ретінде 600 миллион теңге жинап үлгерген. Тоғыз қабаттың орнына бес қабатты үй тұрғызған. Арнайы тексеруден соң, заңды өрескел бұзған компаниялардың жұмысы тоқтатылды.
Самат Қайырденов, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы:
Басқарма тексеріс жүргізіп құрылысты заңсыз салып жатқан компанияларға оны тоқтату туралы нұсқама берілді. Алайда олардың ешқайсысы ол талапты орындамады. Біз істі ауданаралық экономикалық сотқа жеткіздік. Сот шешімді біздің талабымызға сай шешті. Қазір бірнеше нысанның құрылысы тоқтады.
Олжас Керейхан