Қазақстандағы бидайдың қоры жеткілікті - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы бидайдың қоры жеткілікті - министр

12.11.2023

Биыл астық көлемі жылдағыдан аз шықты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, өнім 25 күн толассыз жауған жауынның кесірінен аз жиналған. Осылайша, егін ору науқаны фермерлер үшін оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Бүгінде жиналған егіннің 40 пайызы жарамсыз. Десе де Үкімет басшысы алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Зардап шеккен фермерлердің қаржы институттарының желісі бойынша алынған кредиттерінің өтеу мерзімдерін жеке тәртіппен ұзартуды жүргізуде.

Қазір 11 млн 400 мың тонна бидай, 3 млн тонна астық дақылдарының қоры бар. «Бұл елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», - деді Ауыл шаруашылығы министрі. Зардап шеккен фермерлерге көмек беріледі. Ең алдымен несие өтеу мерзімі ұзартылады. Бұған қатысты ауыл шаруашылығы саласын жақсы білетін сарапшының пікірі мынадай:

Алмасбек Садырбаев, сарапшы:

Бір жылға қарызды шегеру қажет. Кейін жылжытпау керек. Біржола бір жылға әрі қарай қозғау керек. Егер сенің үш жылдық қарызың болса, бұлар 2 жылда 3 жылдың қарызын төлетейін деп жатыр. Жоқ олай емес. Төтенше жағдай қазақтың даласына келді. Өндімділік жоқ. Демпинг жүріп жатыр. Сондықтан да бүгінгі күнде қазақ шаруасын қарызынан құтқару жөнінде бір амал таппасақ, менің пайымдауымша, 30 пайыз шаруалар жабылады.


Хабарламаларға жазылу