«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 6 мыңға жуық бала дүниеге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 6 мыңға жуық бала дүниеге келді

12.11.2023

Нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейіп келеді. Елдегі әр алтыншы отбасында осы мәселе бар. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр. 

Осы мәселені шешу үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған еді. Жоба 2030 жылға дейін жалғасады. Бұл туралы Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір экстракор-поральды ұрықтандыруға жүгінетіндер көп. Елдегі әр алтыншы отбасында осы мәселе бар. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр.

Ал «Аңсаған сәби» Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы басталған. Үш жылда 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 6 мыңға жуық бала дүниеге келген.

Шакизат Халықова, ҚР ДСМ Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы:

Еліміздегі бұл көрсеткіш Еуропаның алғы мемлекеттерінің дамыған мемлекеттерінің көрсеткішіне сәйкес келеді.

Нұржан Смағұлов, «Экомед» клиникасының Астана қаласы бойынша атқарушы директоры:

Орта статистиканы алатын болса,қ әлемде ЭКО-дан кейін көтеріп кету статистикасы 33-35 процент аралығында.

Бағдарлама аясында жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Яғни, міндетті медициналық сақтандыру қорынан шамамен 7 млрд теңге жұмсалады. Мемлекеттік көмекті әр отбасы жылына бір рет қолдана алады. Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасса, жеті жылда 49000 отбасының ата-ана атану мүмкіндігі бар. Бірақ көмекті алу үшін әйелдер 3 түрлі көрсеткішке сай болуы тиіс. Олар қандай критерийлер? Оған сәйкес келмеген отбасыларға қайтпек керек? Жалпы, қанша отбасы кезекте тұр? Аманкелді Сейтханның сюжеті.

Сағыныш сәбиін қолынан тастамайды. Қызымның күлкісін естісем 8 жылдағы қиындығым бір-ақ сәтте ұмытылады дейді. Ол осыған дейін ақылы түрде ЭКО жасатқан, бірақ нәтижесіз болған. «Енді қайтсем?» деп жүргенде «Аңсаған сәби» бағдарламасымен қуанышқа кенелді.

Сағыныш Есенберлина, Астана қаласының тұрғыны:

Ол сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, қажымас қайрат керек. Бізге арман болды. Қанша қиындықтан өттік, қанша жас төгілді.

Көз жасын көрсетпей іштен тынып Сағыныш жүрсе, оны қолдап жанында болған жолдасы тұңғышым қыз болса, атын «Айнаш» қоям деп жүріпті. Демек сенген.

Сағыныш Есенберлина, Астана қаласының тұрғыны:

Менің жолдасыма Айнаш деген есім ұнайды. Енді өзінің арманын бір орындады деп ойлаймын.

Экстрокорпаральды ұрықтандыру елімізде 1995 жылы басталған. 2010 жылдан бері мемлекет қаржы бөле бастады. Бірақ бұрын жылына 400-500 квота ғана бөлінетін. 2021 жылдан бастап 7 мыңға көбейді. Соның арқасында 3 жылда 5 мыңдай отбасы сәбидің күлкісіне толды. Ал көмекке мұқтаждар әлі де көп.

Нұржан Смағұлов, «Экомед» клиникасының Астана қаласы бойынша атқарушы директоры:

Осы біздің Астана қаласы бойынша клиникада жылына 3 мыңға жуық цикл өтеді. Соның 3 мыңның 850-і квота бағдарламасы болса, қалғанын ақылы түрде жасаймыз. ЭКО жасауға мұқтаж отбасылар өте көп.

Бүгінде 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты бедеулік есебінде тұр. Қазір жастар отбасын құрғасын 1 жылда бала сүйе алмаса, бірден квотаға өтініш берсе болады. Бұрын 3-4 жылдан кейін еді. Яғни, талап жеңілдеген. Дегенмен, әйел денсаулығына қатысты 3 критерий бар.

Ғибадат Сүлеева, №2 қалалық көпбейінді аурухананың акушер-гинекологы:

АМГ дейміз. Антимюллерлік гармон 1-ден төмен болмау керек. ФСГ 12-ден жоғары болмау керек. Және аналық безінде оң жақ, сол жағында үш үштен 6 фолекул болу керек.

Өтініш бергендердің шамамен 20 пайызы талапқа сай келмейді. Сонда оларға қайтпек керек? Өйткені ЭКО-ны бір рет жасаудың өзі 1,5 млн теңге. Қаржыдан қысылып жүрген отбасыларға көмектесу үшін былтыр «Мariyam» атты қайырымдылық қор ашылған. Қазір сол арқылы шаттыққа бөленіп жатқандар да бар.

Бұл жас отбасы 5 жыл бойы бала сүйе алмаған. Өйткені өмір жолдары өте күрделі.

Жанна Бақытова, Орал қаласының тұрғыны:

Жолдасым Ақтау қаласына жұмысқа кетті вахтаға, сол жерде жарақат алды, қазір мүгедектер арбасына таңылған. 5 жыл болды. Бала сүйгіміз келіп, Астанада тұрдық. Астанада ем алып, сол кезде «Экомед» орталығына бардық, Бірақ ақшасын айтты, сол кезде қаржымыз жетпей, содан тоқтатып қойдық.

Жанна өткенін жай ғана айтып отырғанымен жолдасы екеуінің қандай қиындықты жеңе білгенін сезуге болады. Үміттері сөнбей биыл Зере есімді қыз сүйді. Сүйкімді сәби ата-анасының ғана емес, әжесінің де еркесі. Ал қор арқылы былтыр 5 келіншек сәбилі болса, биыл көрсеткіш өскен.

Ботакөз Түлетова, «Mariyam» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

2023 жылы біз 18 жанұя алдық. 87 әйел есепке тұруға кетті. Қалған 10 келіншек қазір емдеу шараларын алып жатыр.

 «Мariyam» жеке қор болса да атын атап көрсетіп жатқанымыз биыл демеушілерден бөлек, көпшілік те көмек қолдарын соза бастаған.

Ботакөз Түлетова, «Mariyam» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

Көп хат, пікір келеді. Қарапайым халықта көмектескісі келеді. Қорды сұрайды, 200-300 теңге болса да, салғысы келеді, сондықтан келесі жылы одан да көп адам ала аламыз деп ойлаймыз.

 «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы квота алу барынша жеңілдеп келеді. Мәселен, қазір көмекті бір рет пайдаланған отбасы келесі жылы тағы да қатыса алады.

Марал Жұрынова, «Astana ecolife» клиникасының сапа және медициналық қызметті бақылау директоры:

Қайтадан бізде предгравидарная дейміз, даярлау ол біздің клиникада өткізіледі. Келесі жылы қайтадан анализдерін тапсырып, қайтадан сол бағдарламаға кезекке тұруға құқылы.

Ал біз атап өткен әйелдерге қойылатын 3 талап не үшін қажет десеңіз, ананың бойындағы горманальдық өзгерістер бала денсаулығына әсер етеді. Сондықтан өмірге сау ұрпақ келуі үшін жасалған шаралар дейді мамандар.

Шакизат Халықова, ҚР ДСМ Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы:

Экстрокорпаральды ұрықтандыру жасау - бұл ең соңғы шешім. Мүмкіндігінше жасөспірімдерге профилактика керек, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға алдын алу керек. Дұрыс насихаттауымыз керек, дұрыс тамақтану керек, салауатты өмір салтын сақтауымыз керек.

Яғни, денсаулықты күту маңызды. Қазір мемлекеттік квота 42 жасқа дейін әйелдерге ғана беріледі. Өйткені 40 жастан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, сәбилі болу мүмкіндігі азая береді. Ал сол мүмкіндікті 36 жасында 1 рет пайдаланған Сағыныш тағы да бір сәби сүйсем деп армандайды. Өйткені Айнаш оның өмірін де, айналаға деген көзқарасын да өзгерткен.

Сағыныш Есенберлина, Астана қаласының тұрғыны:

Өз басымда өзгеріс болды. Мейірімділік, жаңағы қамқорлық деген сезім пайда болды.

Амангелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу