Елімізде 4 мыңға жуық адам донорға мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 4 мыңға жуық адам донорға мұқтаж

10.11.2023

Елімізде 4 мыңға жуық тұрғынның өмірі қыл үстінде тұр. Оның ішінде 113-і бала. Ажалдың құрығынан құтылу үшін- оларға донорлық ағза керек. Бір өкініштісі, трансплантология саласын тығырыққа тіреген тапшылықтан жылына 300-дей адамның жарығы сөнеді. Тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Қуаттағыш болмаса, Ернардың жүрегі соғуын тоқтатады. Атпалдай азаматтың жұдырықтай аппаратқа байланғанына 4 жыл. Реттегіш құрал семіп қалған жүрегінің сол жақ бөлігіне орнатылған. Дегенмен, дерті дендеп, денесіне инфекция таралып жатыр. Қазір, уыстап дәрі ішеді. Донор табыла қалса деген үмітпен, отбасын алып, Семейден Астанаға көшіп келген.

Ернар Бәкішев, қала тұрғыны:

Донорлық орган табылса бәрі жақсы болушы еді. Инфекция да жазылып кетуші еді. Мен қалыпты өмір сүруші едім. Қалыпты өмір сүрсем, мен масыл болмаймын мемлекетке.

Трансплантологияға кезекте тұрған науқастардың 90 проценттен астамы бүйрекке мұқтаж. Түркістандық Бауыржан Талтеев 8 жылдан бері ауыр дертпен күресіп келеді. Қос бүйрегі істен шыққан. Соның салдарынан аптасына 3 рет қанын тазартуға мәжбүр.

Бауыржан Тәлтеев, Түркістан облысының тұрғыны:

Келіп кету ауырлау ғой енді. Процедурадан кейін давлениеңіз көтеріліп кетуі мүмкін. Күніге келе беруден адамның ығыры шығады. 4 сағат жатасыз мына жерде. 4 сағатқа шыдау өте қиын.

Өмір үшін күресіп жатқан мыңдаған адамды, мәйіттік донорлар арқылы ажалдан сақтап қалуға болады. Алайда заңның солқылдақтығы – істі кері кетіріп тұр. Соңғы 10 жылда 100-ден астам марқұмның ағзасы адамдарға екінші өмір сыйлаған. Бірақ, мамандар бұл аз дейді. Мәселен, биыл еліміздегі донорлық стационарларда 53 адам жан тапсырған. Олардың жеке мәліметтерін егов порталынан тексере келгенде, тек бесеуінің ғана трансплантологияға рұқсаты болған.

Сәуле Шайсұлтанова, Республикалық трансплантологияны үйлестіру орталығының директоры:

Бір донор көбіне 4 адамның өмірін сақтап қалады. Мысалы бір донордан бір адамға жүрек ауыстырылады. Екінші адамға бүйрек. Үшінші адамға екінші бүйрегі. Солай бірнеше өмірді құтқарып қалуға болады.

Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың күрделі екенін жасырмайды. Сол үшін марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Енді қазақстандықтар көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, қайтыс болған соң ағзалары автоматты түрде алынуы мүмкін.

Жандос Темірғали, тілші:

Донорға қатысты науқастар өте абай болуы керек.Шарасыздықтан көлеңкелі нарықтың шырмауына түсіп қалмауы тиіс дейді дәрігерлер. Өйткені, ағза саудасына – қатаң тыйым салынған. Биылдың өзінде 4 қылмыс тіркелді. Өткен айда 22 адам ұсталды. Олар 8 пациенттің әрқайсысымен -10 миллион теңгеге дейін заңсыз келісім-шарт жасаған. Әзірге, жанын шүберекке түйген 4000 жуық адамның өз кезегін күтуден басқа амалы жоқ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу