Төрт мыңға жуық адамға донор қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төрт мыңға жуық адамға донор қажет

07.06.2023

Елімізде төрт мыңға жуық адамға донор қажет. Дерті дендеп, ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандардың 100-ге жуығы бала. Ал дәрігерлер елімізде мәйіттік донор дамыған болса, бұл статистика әлдеқайда төмен болар еді дейді. Осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болған адамның ағзасын алғаш рет өзіне салдыртқан жан қазіргі жағдайын айтып берді. Антонина Позигун елімізде алғаш рет қайтыс болған адамның ағзасын өзіне салдыртқан жан. Міне, содан бері 10 жыл өтіпті. Осы жылдар аралығында бойымда өзгенің ағзасы бар деген ой да, жайсыздық та болмады дейді. "Бауырда бойыма өз ағзамдай бітіп, жылдан-жылға жасарып жатқандаймын",- деп қалжындайды. Бауыр циррозы дертіне шалдыққан әйел өзіне кімнің ағзасы салынғанын білмейді. Тек бар білетіні донор инсульттан қайтыс болған.

Антонина Позигун, реципиент:

Ал органды беруге әйелі келісім берген екен. Өзім донор күтіп кезекте тұрғандықтан, маған кімнің ағзасын бергенін білмеймін. Себебі, мұндай дерек құпия болып сақталады. Егер сол қайтыс болған адамның ағзасы маған трансплантацияланбағанда мен бүгін сіздердің алдарыңызда тұрмас едім. Себебі сол сәтте бауыр циррозы бойымда дендеп, қан кетіп, дәрігерлер маған өмірімнің санаулы күні қалғанын ескерткен еді.

Алғаш рет мәйіт трансплантациясын жасаған осы дәрігер. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың профессоры. Тоқан Сұлтанәлиев мәйіттік донор қауіпсіз саналатынын айтады. Себебі тірі жан өзгеге ағзасын беріп, өзінің денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін дейді.

Тоқан Сұлтанәлиев, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың профессоры:

Апаттан талай адам өліп жатыр. Оның ішінде жастары, мысалға 3 мыңға дейін апаттан қайтыс болып жатыр. Солардың жартысы, 20 пайызынан, солардың органдары жарайтын болса, біз өзіміздің елімізде жаңағы трансплантация жасайтын адамға 100 пайызға кепілдік аламыз.

Самал Қабышева, тілші:

Елімізде 4 мыңға жуық адамға донор қажет. Қазір олар кезегін күтумен жүр. Оның 100 жуығы бала. Ал, балалардың басым бөлігі бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Жалпы елімізде соңғы 10 жылда екі мыңнан аса адамға (2314) ағзаны трансплантациялау бойынша операция жүргізілген. Оның басым бөлігі бүйрекке (1712), бауыр (434) мен жүрекке (88) жасалған.

Әділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

Жаңа 2 мыңнан аса трансплантация деді ғой. Соның 85 пайызы туыстық донордан, 10-15 пайызы ғана мәйіттік донордан. Мәселен, биылдыққа 2 ғана мәйіттік донор ғана болды.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың дәрігерлері мәйіттік донорды бауырлас Түркия елінде де жақсы дамығанын айтады. Бірақ біздің елде бұл сала кенжелеп тұр. Есесіне, донорға мұқтаж жандар саны еселенуде.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу