Елімізде ауқымды саяси науқан аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз.
Мемлекет басшысы өз сөзінде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттырып, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек деген еді. Бұл іс біртіндеп іске аса бастады. Ал сайлау- соның алғашқы қадамдарының бірі.
Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мақсатындағы республикалық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы қалай өтті? Тілші материалында...
Тәуелсіздік тарихында алғаш рет елімізде пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерінің сайлауы өтті. Аудан әкімдерін сайлау бойынша Ақмола, Қостанай, Түркістанда облыстары көш бастап тұр. Ал, Абай және Ұлытау облыстары тек бір-бір ауданның әкімін сайлаған. Тізімге енген өңірлер қоғамдық-саяси жағдайына және т.б талаптарға байланысты таңдап алынған.
Диана Сәдуақасова, Экономикалық зерттеулер институты өмір сапасы орталығының аға сарапшысы:
Сайлау өтетін 42 аудан мен үш облыстық маңызы бар қаланы таңдау, алдымен облыстық әкімдер тарапынан жүргізілді десек қателеспейміз. Яғни, олар өз өңірлеріндегі аудандарды іріктеп мәжіліске берді. Ал, мәжіліс өз тарапынан дауыс беру арқылы сол 42 аудан мен үш облыстық маңызы бар қалаларды таңдап алды.
Халықтық таңдау форматындағы саяси науқанға 164 кандидат қатысты. Олардың арасында 69 үміткерді саяси партиялар, 95-і өзін-өзі ұсынған. Орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келді.
Қуаныш Сайлау, ҚСЗИ Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы:
Осы жолы өтіп жатқан сайлауға өзін-өзі ұсынып жатқан кандидаттардың көп болуы бұл әрине, саяси өмірге араласам деген, билік процессіне араласам деген азаматтардың арасында расында да сондай қызығушылықтың бар екенінің көрінісі. Сонымен қатар, бұл демократияның белгілі бір көрінісі.
Серік Жұмабек, тілші:
Сайлауға қатысқан кандидаттар контингенті де әр түрлі. Үміткерлердің көпшілігі ер адам, әйелдерден тек 10 сайланушы ғана тіркелген. Ең жоғары бәсекелестік Жетісу облысының Кербұлақ ауданында, бір орынға 6 кандидат. Ең төмені дәл осы Ақмола облысының Шортанды ауданында, бір орынға 2 үміткер бақ сынап жатыр. Болашақ әкімдердің орташа жасы- 47. Ең кіші үміткер Түркістан облысының Мақтаарал ауданында. Небәрі 29 да.
Баязит Базарбайұлы, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының әкімдігіне үміткер:
Мен өзімнің кандидатурамды Мақтаарал ауданы әкімі лауазымына ұсындым. Өзімді-өзім ұсындым былайша айтқан кезде. Менің басты мақсатым мынау мақтаарал ауданын дамытып, көркейтуге өзімнің үлесімді қосқым келеді.
Тіркелген кандидаттардың 20.73%-і - экономистер, 19.51% - заңгерлер, 16.46% - оқытушылар, 12.2% - инженерлер, 11.59% - ауыл шаруашылығы мамандары және 19.51% - басқа сала өкілдері. Бір қызығы ауыл әкімдерін сайлағанда жоғары білімнің болуы міндеттелмеген, ал бұл жолы болашақ аудан басшыларында кемінде бакалавр білімінің болуы талап етілген.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Міндетті түрде мемлекеттік қызметші болу деген талап жоқ. Сәйкесінше, ол өзінің саласының нақты маманы болса, экономиканы толыққанды түсініп отырса, өзінің ауданының халқының сұранысын және сол сұранысқа сәйкес нәтижелі еңбек ететін болса, жемқорлықтан ада болса, ашық болса, халықпен бірге жұмыс жасаса, оған сену керек және мүмкіндік беру керек.)
Серік Жұмабек, тілші:
Саяси додаға жұмсалған 2.2 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл қаражат 42 аудан мен 3 қаланы басқаратын кадрлық капиталға құйылған инвестиция деп түсіндік. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі 4 жыл, бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Мерзім шектеулі, жауапкершілік те жеңіл емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Бұл жұмыс та жалғасын табады.
Сайлау жүйесіндегі бұл реформа алғаш 2021 жылдың 25 шілдесінде басталған еді. Өңірлердегі қордаланған мәселелерді шешуге, әкімдердің жауапкершілігін арттырып, бюджет қаражатын тиімді игеруге мүмкіндік беретін механизмнің іске асқанына да 2 жыл болды. Ауыл әкімдерінің жұмысына қарап жалпы сайлау үлгісіне баға беруге болмас. Дегенмен...
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Президенттің бұл бағдарламасы азаматтық қоғамның саяси белсенділігін арттыруға байланысты прогрессивті қадамы болды. Енді қандай да бір қателік кететін болса, сайланған әкімдер тарапынан олқылықтар болатын болса заңға қайтып келіп, заңдағы олқы тұстарын қайтадан қарауға болады деген ойдамын.
Халық өз таңдауын жасады. Ал жаңа әкімдер 3 күннен кейін ел алдына шығады. Сайлау әзірге бірнеше ауданда пилоттық режимде өткенімен, алдағы уақытта өзге өңірлерде жалғасын табуы тиіс. Билік құзыреттерін жергілікті жерге беру үдерісі де 2025 жылдан бастап жүйелі жүзеге аспақ. Осылайша, халық сайлаған өңір әкімдерінің құзіреті кеңейіп, аудан, қала басшылары өз бетінше бюджетті жоспарлауға мүмкіндік алады.
Серік Жұмабек