«Прагматикалық дипломатия: Қазақстандық модель». Осындай атаумен «Conflits» атты Батыстың белгілі геосаяси журналында көлемді мақала жарияланды. Автор: Catherine Van Offelen. Шетелдік баспадағы сараптаманы тілшіміз шолып өтті.
Автор мақалада бес тақырыпша қойып, сонша бөлімге бөлген. Сол арқылы Қазақстанның көрші және әлем елдерімен қатынасын һәм ұстанымын талдайды. Оффлен «Қазақстан Азияның Женевасы болғысы келеді» деген. Бұл пайымын Қазақстан Қытай, Ресей және НАТО елдерімен диалог жүргізіп, копвекторлы дипломатияны дамытып отыр,- деп айқындай түсті.
Прагматикалық дипломатия. Бұл бөлімде автор еліміздің тарихына бойлап, географиялық орналасуын бағамдап, қазақ этнонимін талдап, мағынасына ойыса келе «Қазақстан – еркін адамдардың жері»,- дейді. Астанаға да екпін түсірген.
«Шетелдік туристер үшін Астана - Азия элементтері бар, Дубай мен Мәскеудің және Нью-Йорктың қосындысы, Шығыс пен Батыстың синтезі сияқты. Бұл қала, ең алдымен елдің болашағына деген жаңа көзқарастың қалыптасуын геосаяси жобаның келбеті арқылы көрсетеді».
Ары қарай автор тағы да Қазақстанның географиялық орналасуын талдап, халықаралық аренадағы салмағын таразылап, ірі оқиғалардың ізін шолады.
«Еуропалық Одақ оның жетекші сауда серіктесі (сауданың 40%) әрі шетелдік инвесторы болды. 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына Қазақстан посткеңестік елдер арасында бірінші болып төрағалық етті. 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. 2017 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды және сол жылы Астанада болашақ энергиясына арналған халықаралық көрме ұйымдастырды».
Бұдан әрі дін де - дипломатияның бір тетігі дей келе, 2003 жылдан бері үш жылда бір өткізілетін Діндер съезіне екпін түсіріп, Қазақстан зайырлы мемлекет екеніне мән берілген. Сондай-ақ, автор Қазақстанды әлемдік дипломатиядағы жасырын гигант деп бағалайды. Бұл пікірін мақаланың түйінінде қуаттай түскен. Яғни, Қазақстанның Батыспен серіктестігі Ресей мен Қытай сияқты ірі көршілерінің ықпалына ырық бермей, алып державалардың ойынында таразының қос басын тең ұстап тұр делінген.
Азамат Бейбітұлы