Басты Жаңалықтар Қазақстаннан Сербияға алғаш рет әуе рейсі тура ұшып барды

Қазақстаннан Сербияға алғаш рет әуе рейсі тура ұшып барды

Сербия мен Қазақстанға тікелей әуе рейсі қатынай бастады. Астанадан ұшқан алғашқы рейс Белград әуежайына сәтті қонды. Жолаушыларды көппен бірге Сербия Ұлттық жиналысының Төрайымы Ана Брнабич қарсы алды. Әуе бағытын ашу туралы Президент Қ.Тоқаевтың былтыр қарашада Белградқа жасаған сапары кезінде жарияланған. «Жаңа бағыт екі ел арасындағы «экономикалық және мәдени байланысты күшейтуге сеп болары сөзсіз», - дейді қос тарап өкілдері. Алғашқы рейспен ұшып келген еліміздің көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сербияның авиациялық билік өкілдерімен кездесіп, БАҚ үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Отандық әуекомпанияның әуе рейсі Астана мен Белградқа аптасына екі рет қатынайды.

Талғат Ластаев, Көлік вице-министрі:

5 сағат 40 минут тікелей уақытпен ұшып келдік. Одан бұрын басқа мемлекеттер арқылы ұшқанда 15-20 сағат алатын сапар мына тікелей рейспен уақыт азайды. Сол себепті екі мемлекеттің арасында туризм және бизнес, экономикалық қатынас даму үшін өте жақсы әрекет.

Ана Брнабич, Сербия Ұлттық жиналысының төрайымы:

Тікелей рейс екі ел Президентінің уағдаластығына сәйкес ашылып отыр. Сербия басшылығының атынан осыған үлес қосқан қазақстандық тарапқа алғыс білдіремін. Тікелей әуе қатынасы екі ел арасындағы саяси, экономикалық ынтымақты, халықаралық деңгейдегі серіктестікті жаңа деңгейге көтереді деген сенімдемін.


Бөлісу