Франция президенті ресми сапармен Астанаға келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция президенті ресми сапармен Астанаға келеді

31.10.2023

Ертең елімізге Франция президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен келеді. Бұл сан саладағы байланысты дамытуға тың серпін береді дейді сарапшылар. Қазір мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қандай? Франция президентінің сапарынан не күтеміз? Досжан Маратұлы зерделеп көрді.

Франция еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Әрі Қазақстанға көп инвестиция құйған 5 мемлекеттің қатарында. Алыс-беріс, барыс келіс артып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы биыл қаңтар-тамыз аралығында 2 миллиард 700 миллион долларға жетті. Бұл былтырғы жеті айдың көрсеткішіміен салыстырғанда 21 процентке көп. Ал Франция президентінің Қазақстанға келуі, ресми Париж бен Астана арасындағы байланысқа жаңа серпіліс бермек.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өткен жылдың қараша айында біздің президент Францияда болған еді. Ол жерде үлкен келісімшарттарға қол қойылған. Оның ішінде жалпы құны 17 млрд долларға татитын келісімнің басы қаланған болатын. Менің ойымша осы жолы соны бір ізге салу. Қазақстанға Airbus, Total сиықты Францияның ірі компаниялары келіп жатыр.
Жалпы Қазақстанда 70-тен астам ірі компания жұмыс істеп жатыр. Солардың жұмысын бір ізге қою.

Тек ірі компаниялар емес, франциялық шағын және орта бизнес те еліміздің нарығына қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы олармен жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді.

Мунира Артықбекова, Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры:


Әсіресе соңғы жылдары өздерінің қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Бізбен кездесіп жатыр. Францияның президенті келе жатқан сапарынан кейін Жаңағы компаниялардың Қазақстанға сенімі артып келе бастайды деп күтудеміз.

Қазақстан да Франция үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес. Аймақтағы сауда-саттықтың 90 пайызын елімізбен жасайды. Әрі Франция қазір уранға зәру. Өйткені Африка құрлығынан экспорт тоқтатылды. Ал еліміз бұл шикізатқа бай. Бізге керегі тікелей инвестиция мен технология. Сондықтан бұл сапардың екі елге де берері мол болмақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу