Қарағанды облысындағы Матақ ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Матақ ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр

29.04.2021

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Матақ ауылында ауыз су жоқ. Тұрғындар тұщы суды 70 шақырым жерден тасып ішіп отыр. Ауыл әкімі құдық қазып, құбырларды жаңарту үшін қаржы сұраған. Бірақ одан нәтиже болмапты. Суға зәру тұрғындармен тілшіміз Руслан Нұрланұлы жүздесіп қайтты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
2006 жылы Матақ ауылына мемлекеттік бағдарламамен ауыз су торабы тартылған. Сол кезде қазылған мына скважинаның тереңдігі 17 метр ғана. Яғни суы ащы. Шала орындалған жұмыс белгісіз себептермен жергілікті биліктің тарапынан қабылданып кеткен. Содан бері тұрғындар сапасыз судың зардабын тартып келеді.

Төлеу Рахметов аптасына бір мәрте 70 шақырым жердегі Қарқаралыға барып, 100 литр су әкеледі. Себебі ауылда тұщы су тапшы. Ал көлігі жоқтар ауылдағы құдықтан ішуге мәжбүр.

Төлеу Рахметов, ауыл тұрғыны:
Енді ол қолы жеткендер жаңағындай тасып ішеді де, қолы жетпегендер сол жаңағы судан ішіп отыр енді, басқа қайда барады?

500-ге жуық тұрғыны бар ауылдың көшелеріне қойылған 13 колонканың тек 2-уі жұмыс істеп тұр. Бірақ оның өзі ішуге жарамсыз. Тұрғындар ащы суды тек шаруашылыққа пайдаланады.

Рымкеш Мұсабекова, ауыл тұрғыны:
Бұл жақта екі-ақ колонка жұмыс істейді. Оның өзінде су жоқ, су ақпайды. Құр әйтеуір тұрған есебі. Енді құдықтан ішейік десек, оның суы да ішуге келмейді. Біз көшіп келгелі өзі 10 жыл болды. Сол 10 жылдан бері осы ащы су. Су алып ішіп көрген жоқпыз, мынау құр тұр.

Ауылға таза су беру үшін ұңғыманың тереңдігі кемінде 50 метр болу керек, дейді мамандар. Бұған қоса техникалық сараптамаға сәйкес су торабы да әбден тозған. 5 шақырым құбыр мен су мұнарасын ауыстырып, құдық қазу керек. Ол үшін қаржы қажет.

Жасұлан Сыздықов, Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
Біз аудандық бюджеттен бюджет комиссиясына жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге өтініш жолдағанбыз. Олар қаражаттың жетіспеуіне байланысты бізге келісім бермеді, өтінішіміз қарастырылмады. Алдағы уақытта тағы да өтініш, бюджеттік өтінім тапсыруға құжаттарымыз дайын тұр.

Өкінішке қарай, қаржы қарастырылғанша тұрғындарға суды тасып ішуге тура келеді.

Руслан Нұрланұлы


қарқаралы ауданы матақ ауылы ауыз су

Хабарламаларға жазылу