Каспий теңізін зерттейтін институт ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий теңізін зерттейтін институт ашылады

30.10.2023

Жылдан жылға тартылып бара жатқан Каспийді кешенді зерттейтін арнайы институт ашылады. Оның бас кеңсесі Ақтауда орналаспақ. Салаға жауапты министрлік қаулының жобасы қазір Үкімет қарауында жатқанын айтады. Ғылыми құрылым қарт теңіздің эко-жүйесін, итбалық пен балықтардың жаппай қырылу себептерін, популяциясын зерделейді. Сонымен қатар, су алабымен шекаралас мемлекеттердегі өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді. Айта кеткен жөн, соңғы зерттеу бойынша көк айдынның деңгейі 28 метрге төмендеген. Тіпті тәуелсіз ғалымдар теңіздің Атырау бөлігі құрғай бастағанын айтады. Соның салдарынан балық миграциясы бұзылып, өнеркәсіптік кемелер қайраңда қалып жатыр. Өңір логистикасының күретамырына айналған жалғыз порттың жұмысы да тұралаған.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу