Астанада Анадолы көшесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Анадолы көшесі ашылды

27.10.2023

Екі күннен кейін Түркия республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы оқиға қарсаңында Астанада Анадолы көшесі ашылды.

Қазан айының 29-ы Түркия Республикасы 100 жылдығын тойлайды. Бұл бауырлас мемлекет үшін тарихи белес.

Соған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір ай бұрын Астана көшелерінің бірін Анадолы деп атауды тапсырған.

Сәкен Есіркеп, астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

Бұрын бұл көшенің аты болмаған, Анадолы деп атап отырмыз. Яғни (Осман империясының) Түркі мемлекетінің құрылған өмір сүрген жері бұрыннан тарихи тұрғыдан Анадолы деп аталады.

Ұзындығы 1 шақырымға жуық Анадолы көшесі Экспо аумағында орналасқан. Ақмешіт көшесіндегі Бейбітшілік және келісім саяжолынан бастау алып, Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғасады.

Анкарада да Қазақстан көшесі бар. Сонымен қатар Түркияда ұлы ойшыл Абай мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақтың біртуар ұлдарының құрметіне ашылған көше, саябақ мен ескерткіштер көп. Мұның барлығы - бауырлас екі ел арасындағы бірліктің айқын белгісі.

Мұстафа Капуджу, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Кеше ғана осы елордадағы Ататүрік атындағы саябақта түркі әлемінің қалыптасуына еңбек сіңірген тарихи тұлға Юнус Эмренің ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Бұл да екі елдің тарихының, мәдениетінің ортақ екенін еске салатын шара деп ойлаймын.

Салтанатты шара соңында жиылған жұрт жаңа атауға ие болған көшеге табан тіреген әрбір жан Анадолы топырағына жеткендей қуанышқа бөленсін деген тілегін айтып, естелік суретке түсті.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу