Өскеменде жаяу жүргіншілер көшесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жаяу жүргіншілер көшесі ашылды

12.09.2019

Өскеменде алғаш рет Арбат үлгісіндегі көше пайда болды. Облыс орталығындағы екі үлкен саябақтың ортасындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігі тек демалыс орны ғана емес, шығармашылық ортаға айналмақ. Бұл жерде құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталған болатын. Бүгін сәні мен сәулеті жарасқан Арбаттың салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Өскеменнің келбеті күн санап ажарланып келеді. Қаланың дәл ортасынан Арбат үлгісіндегі көшенің ашылуы осының нақты дәлелі. Бұл халықтың өмір сапасын жақсарту үшін жасалған игі істердің бірі. Арбаттың салтанатты түрде ашылуы рәсіміне Облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, қала тұрғындарын құттықтады.  

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

Мына жерге суретшілер, әншілер келіп, сондай өзі бір өзіміздің жүрекке ыстық жер болу керек. Ондай жер Париж, Лондон, Мәскеуде де бар. Енді Өскеменде осындай жақсы көше ашылды деп айтуға болады.

Арбаттың жалпы көлемі 20 мың шаршы метрден астам. Ортасында екі субұрқақ орналасқан. Ал көшенің екі жақ жигеніде қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізу үшін арнайы орындар жасалып, демалатын орындықтар қойылан. Бұл мәдени шараларды өткізуге де өте лайықты орын.

Аңсар Төлеубекқызы, студент:

Көшеміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында да ашылып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Жастар жылында жастарды осындай керемет, үлгі іспен дәріптен жатқанына қуаныштымыз.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстандағы елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Тек биыл осы бағытқа 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде аймақтағы ауыл мен қаланың барлығы ажарланып, көркейіп келеді.

Алмагүл Сембинова, қала тұрғыны:

Ана жерде ескі қаланың суреттері тұр. Осыдан 70 жыл бұрын қандай болған, қазір қандай болды. Арбат көшесі халық үшін жасалған. Кешке жастар қыдырып, қариялар келіп, шүйіркелесіп әңгімелесін деп.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Өскеменде жаңа спорттық-табиғи «Самал» саябағы ашылған. Алдағы уақытта осындай саябақты Семей қаласында да салу жоспарланған. Жалпы, халықтың өмір сапасын жақсарту үшін облыста барлығы 180 жоба жүзеге асып жатыр.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу