Ұлттық мереке Қызылорда облысында да кең ауқымда тойланды. Жалпыхалықтық сипатқа ие болған мереке егін маусымын жемісті аяқтаған диқандар қауымының тоқшылық тойымен қатар келді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қорқыт бабаның ізі жатқан киелі Қармақшы топырағында мейрам бар сән салтанатымен тойланды. Мұндағы көпшілік Республика күнімен бірге ауданның 95 жылдық мерейтойын қатар атап өтті. Түске дейін көпшілік ақындар айтысын тамашалап, төл өнермен сусындаса, жыраулар да жыр-термеден шашу шашып, тұрғындарға рухани азық сыйлады.
Ал спортты жанына серік еткен аудан жастары марафонға қатысты. Жарыс жолына 200-ге жуық жас шығып, 6 шақырымдық қашықтықты бағындырды.
Мирас Жақсылық, марафонға қатысушы:
Екі жылдан астам уақыт болды жеңілатлектикамен айналысып жүргеніме. Соның септігі осындай жарыстарда көп тиіп жатыр. Жарыс жақсы өтті, ұйымдастырушыларға рақмет.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Мерекелік шара орталық алаңда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз» атты тоқшылық тойымен жалғасты. Биыл Сыр диқандары 500 мың тонна күріш жинап, қамбаны дәнге толтырды. Соның ішінде, қармақшылық шаруалар да елдің ырзық-несібесін арттыруда сүбелі үлесін қосты. Міне, сол қарапайым еңбек адамдары сый-құрметке бөленді. Еңбек озаттары түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Думанды кеш орталық алаңда эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуімен гала-концертке ұласты. Ұлттық мерекеге жиылған жұрт от-шашуды қызықтап, мәре-сәре болды.
Әділбек Серікұлы