Астанада көппәтерлі тұрғын үйдің кілті табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада көппәтерлі тұрғын үйдің кілті табысталды

24.10.2023

Елордада құрылысы 10 жылға созылған көппәтерлі тұрғын үйдің кілті табысталды. Республика күні қарсаңында 400-ге жуық отбасы баспаналы болды.

Айта кетейік, 2014 жылы «Алтын бұлақ» Тұрғын-үй кешенінің құрылысына үлескерлер өз қаражатын сала бастаған еді. Алайда, жауапты мердігер тұтқындалып, іс аяқсыз қалды. Кейін құрылысты жалғастыру үшін тұрғындар әкімшіліктен көмек сұрайды.

Құрылысы қордаланған үй, әкімдік жауапкершілігіне берілгенде небәрі 20% - ға дайын болған. Алайда түйіткілдің шешімі табылып, құрылыс жалғасын тапты. Араға біршама уақыт салып, 400 отбасы көптен күткен пәтер кілттерін қолдарына алды. Оны елорда әкімі өз табыстады.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

Осы созылып кеткен құрылыстың аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Басында көп күттік. Президенттің тікелей тапсырмасымен, осы үй мемлекеттік бағдарламаға кірді. Қаражат бөлінді. Кейін құрылыс қайтадан басталды. Мереке қарсаңында 395 отбасы өз үйінде қарсы алатын болады.

Тұрғын үй кешені 5 блоктан тұрады. Екеуінде құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. Әкімдік бұл ұзақ уақыт алмайтынын айтады. Тұрғындардың сөзінше пәтер жанға жайлы, орналасқан жері ыңғайлы.

Сәтбек Махин, қала тұрғыны:

Мен енді Семей қаласынан көшіп келдім 10 жыл бұрын. Бәйбішеміз екеуіміз екі бөлмелі үй алып отырмыз. Көптен күткен күн, Мемлекет басшысына рақмет, бұл оңай шаруа емес, Үкімет қанша ақша бөлді.

Қос мерекені қатар тойлап жатқан тұрғындардың арасында отбасылық өмірге жаңа аяқ басқандар да, зейнет жастағы қарияларда бар. Ендігі мақсат пәтер ішін толтырып, тәуелсіз елде бейбіт күн кешу дейді олар.

Аида Ахметбек


#Астана

Хабарламаларға жазылу