Президент жаһандық коалиция құруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жаһандық коалиция құруды ұсынды

23.10.2023

Денсаулық сақтау жүйесі кез-келген күрделі жағдайға әрдайым дайын болуы керек. Ол үшін салаға қолдау қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияда осылай деді. Алматы декларациясының қабылданғанына биыл 45 жыл және Астана декларациясына 5 жыл. Осыған орай әлемнің 70-тен астам елінен білікті маман жиналды. Отырыста Президент алғашқы медициналық көмек қызметін үйлестіретін жаһандық коалиция құруды ұсынды.

Дерт көп. Денсаулық біреу. Оның үстіне ауру айтып келмейді. Бірақ қайтып келетінін көрсетіп-ақ жүр. Бұған дүниені дүрліктірген коронавирус кеселі дәлел. Тосыннан келген пандемияны тежеу бірден мүмкін болмады. Салдарынан халық та, сала да демікті. Мұндайда алғашқы көмектің ауадай қажет екені түсінікті. Бүгін жиналған мамандар дәл осы саланың қызметін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Медицина саласындағы міндеттер өте қауымды әрі күрделі екені белгілі. Оны тиімді шешу үшін жаңашылдық және тығыз ынтымақтастық қажет. Сондықтан білікті мамандардың тәжірибе алмасуы өте маңызды.
Эпидемияның алғашқы белгілерін анықтау үшін де, тосын сын-қатерлерге шұғыл қарсы әрекет етуге де ықпал ететін осы алғашқы көмек. Жалпы саладағы проблемалардың 80 пайызын осы қызмет арқылы шешуге болады дейді Еуропадан келген маман.

Жозеп Фигуерас, Денсаулық сақтау жүйесі мен саясат бойынша еуропалық обсерватория өкілі:

Әлемде жүрек-қан тамырлары ауруы өте өзекті. Семіздік, психикалық дерт түрлері де азаймай отыр. Ал алғашқы медициналық көмек жағдайды ушықтырмау үшін аса маңызды. Осы тұста Алматы декларациясы әлі өзектілігін жойған жоқ.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлем бойынша алғашқы құжаты осыдан 45 жыл бұрын Алматыда қабылданды. Декларация қазір әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады.

Қауіп-қатер қатар қабысқан кез қазір. Осыны ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі кез-келген күрделі жағдайға дайын болуы тиіс. Ол үшін салаға қолдау қажет деді Президент. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Бірақ бізде әлі проблема көп. Қажетті медициналық техника жетпейді, білікті кадр тапшылығы әлі өзекті. Кейбір кесел түрлерінің емін бүкіл әлем іздеп әлек. Осы бағытта Мемлекет басшысы алғашқы медициналық көмек қызметін үйлестіретін жаһандық коалиция құруды ұсынды. Бұл бірлестік аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік бермек.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

Коалициясын құру дегеніміз бұл Қазақстан бастаған, басқа да елдер қолдаған коалиция. Соған БҰҰ, ДДҰ деңгейінде көңіл бөліп, соған қосымша қаражат бөліп, қажетті барлық мед қызметтерді жеткізуде коалиция болып, қосымша жұмыс істеу деген сөз.
Қазір елімізде ауылдық жерлердің медициналық әлеуетіне ерекше екпін қойып жатыр. 5 жылда ауылдағы емханалардың саны 3 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Телемедицина және қашықтан мониторингілеу сияқты цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл технологиялар алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруда жаңа мүмкіндіктер ашады. Әр ірі елді мекенде Жастар денсаулық орталығы бар. Оның үстіне жыл сайын 3 милионнан астам ересек адам скриннинг пен кәсіби тексеруден өтеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Қазақстандағы медициналық қызмет сапасына жоғары баға берді.

Тедрос Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:
Қазақстан 2009-2020 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласының тиімділігі индексінде өз нәтижесін жақсартты. Яғни, Қазақстан индексте 39-орыннан 72-орынға шықты. Бұл нәтижелер кейбір Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда жоғары. Он жылдағы нәтижелер іс жүзінде екі есеге өсті. Сондай-ақ, Қазақстан қысқа мерзімде өмір сүру ұзақтығының артуы тұрғысынан ең жақсы көрсеткіштерге жетті.
Халықаралық қоғамдастық Астана декларациясының арқасында алғашқы медициналық көмекті қаржыландыруға көңіл қоя бастаған. Біздің елде көлемін тағы ұлғайту жоспарланып отыр. 2027 жылға дейін медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін қаржының 60 пайызы осы салаға бағытталмақ.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу