Алдағы сейсенбі елімізде «Кітапханашылар күні». Оған ерекше және алдын ала назар аударғанымыз, мұндай мерекені бұрын естімейтінбіз. Бірақ, былтыр Үкімет қаулысымен 24-қазан «Кітапханашылар күні» болып бекіді. Бұл да еңбегі елене бермейтін маман иелеріне бір құрмет.
Бірақ, күнтізбеден бір күн арналғанымен, кітапханашыларға басқа уақытта қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Электронды кітап пен түрлі гаджеттер дамыған заманда олардың рөлі қандай? Ауылды айтпағанның өзінде қалалық кітапханашының өзі 130-170 мың теңге айлық алып отырғаны әділетті ме? Кітапханашы жұмысы соншалықты құнсыз ба?
Олай дейтініміз осыдан 3 апта бұрын Атырау облыстық газетіне мынадай мақала шыққан. «Қайда ескі ғимарат – сонда кітапхана» деп аталған мақалада өңірдегі жағдай айтылады. Мәслихат депутаты Жанай Амантурлин былай дейді:
«Облыста 143 кітапхана бар. Исатай ауданындағы балалар кітапханасы, Амангелді мен Исатай ауылдарындағы кітапханалар жеке ғимаратта орналасқан, талапқа сай емес. Ақкөл, Айбас, Қамысқала, Өркен ауылдық кітапханаларында орын жоқ. Ал, Мақатта аудандық кітапханада орын болмағандықтан, мамандар басқа филиалға орналастырылған. Индердегі жағдай да мәз емес. Орталықтағы балалар кітапханасы апатты жағдайда».
Иә, бұл бір аймақтағы ахуал дерсіз. Бірақ, Қазақстанның қанша ауылында жағдай осындай. Ол туралы мәлімет жоқ. Мәдениет және ақпарат министрлігі де мұндай статистика айтпады.
Белгілісі, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Оларда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы кітап қоры 328 миллион дана. Әр Қазақстандыққа 16 кітаптан келеді. Соңғы 5 жылда мемлекеттік тапсырыспен 4,5 миллион кітап шығарылған. Бірақ, сол кітаптар қаншалықты оқылып жатыр? Оқырманның сұранысы қандай? Аманкелді Сейтхан жауап іздеп көрді.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Негізі, ақылды болу үшін 10 кітап оқысаң жеткілікті. Бірақ, сол 10 кітапты табу үшін мыңдаған кітапты оқуың керек деген сөз бар. Ал, бүгінгі қазақ қоғамы, қазақстандық жастар не оқып жүр? Өздеріне қажетті 10 кітапты тапты ма? Біздің елде кітап сату табысты кәсіп пе? Кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайы қалай? Бірге көрейік.
«Оқы, оқы және оқы» дегенді ұран еткендердің бірі – Мирас Кесебаев. 5 жасынан бастап бүгінге дейін 5 мың шығарма оқыған. Кітапқа кейде тамақпен бірдей ақша жұмсайды.
Мирас Кесебаев, «Kitapal» дүкені маркетинг бөлімінің маманы:
Мен енді негізінде дүкен араламауға тырысам. Өйткені, дүкен араласа кітап алып қоям. Кемінде айына 30-40 мың теңге кетіп қалады, электронды кітапты есептемегенде.
Өзі де 7 кітаптың авторы. Еңбектері кітап оқу техникасы туралы. Арманы - Қазақстанды кітапсүйер елге айналдыру. Осы мақсатта «Кітап ал» деген дүкен де ашқан. Қандай кітаптар көп өтетінін сұрадық.
Мирас Кесебаев, «Kitapal» дүкені маркетинг бөлімінің маманы:
Бізде тұлғалық даму, психология, мотивациялық кітаптар ғана қатты өтіп жатыр. Ал, Еуропада, батыста, АҚШ-та оларда романдар қатты өтеді.
Шынында жастардың қолынан өзіндік дамуға қатысты еңбектерді жиі көреміз. Бірақ, бір дүкеннің статистикасы картинаны түгел көрсетпес. Мәселен, «Меломанның» көрсеткіші басқа.
Ғази Көбей, сатушы-кеңесші:
Көп сатылған кітаптар ол классикалық әдебиет. Ол шамамен 16 пайыз сатылым. Келесі бізде танымал психология 12 пайызы. Одан кейінгі бізде іскерлік әдебиет 9 пайызы.
«Меломаннан» айына 400 мың адам кітап алады екен. Соңғы 3 жылда 6 млн сатылған. Соның 84 пайызы - орысша, 4 пайызы - ағылшын, 10 пайызы – қазақша. Бірақ, ең көп сатылғаны да қазақ тілінде.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
«Абайдың қара сөздері». Бұл Қазақстандықтардың қазір жиі оқитыны. Мәселен, «Меломан» дүкендерінде соңғы 3 жылда 50 мың данасы сатылған. Яғни, ең көп сатылған кітап осы.
Ғази Көбей, сатушы-кеңесші:
Одан кейінгі Примоченконың «К себе нежно», өзін өзі қадағалау және қадірлеу кітабы. Көбінесе әйелдерге арналған. Үшіншісі бізде Жолдыбайұлының «Кемел адам» деген кітабы бар.
Абай түсінікті. Бірақ, қалған 2 кітап мотивациялық бағытта. Заңды сұрақ. Бұл кітаптар неге сұраныста? Бір себебі, мынадай болуы мүмкін:
Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
Ол коммерциялық жобада жазылып жатқаннан кейін жарнамасы күшті. Сол сияқты керісінше бізге көркем шығармаларды солай насихаттау керек те. Мысалы, Алматыдағы театр «Махаббат қызық мол жылдарды» қойды. Қаншама адам сол кітапты сұрап келді.
Яғни, көркем әдебиетке де насихат керек. Бірақ, осы функцияны кітапханалар қаншалықты атқаруда?
Мирас Кесебаев «Kitapal» дүкені маркетинг бөлімінің маманы:
Кітапханалар қазақша кітаптарды алмайды, бізге хабарласады кітапханадан. Кітаптарыңызды бізге тегін әкеп тастайсыз ба деп, сатып алсаңыздаршы десем, бізде ондай мүмкіндік болмайды дейді. Қазіргі негізгі функцияны атқарып отырған осы қаладағы кітапханалар Жамбыл, Чехов деген сияқты.
Демек, Алматы мен Астананы қоспасақ, басқа аймақтарда кітапхананың өзіне насихат керек сынды. Мысалы, мынау Атырау облысы Ынтымақ ауылындағы кітапхана. 1976 жылы салынған. 8 мың кітап қоры бар. Бірақ, ол оқыла ма, белгісіз. Себебі, біздің тілшіміз барғанда іште кітапханашыдан басқа ешкім болмады.
Қазақстанда 4 мыңға жуық қоғамдық кітапхана болса, соның 79 пайызы ауылда. Көбінің жағдайы осыған ұқсас екені түсінікті. Ал, Алматы мен Астана кітапханаларында соңғы жылдары адам көбейген.
Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
Күнделікті кітапханаға 3 жарым мың оқырман келеді. 80 пайызы олардың жастар. Сенбі жексенбі күні олар күтіп тұрады, қашан орын босайды...
Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
Жазда 1-2 сағат жұмыс уақытымызды қысқартып Сәл болсын оқырмандар саябырсима деп күткенбіз.
Өйткені, бұл кітапханалар түрлі шара өткізіп, оқырман тартады. Ал, ауылда мүмкіндік жоқ. Тек, осыған жанын бергендер болмаса. Мысалы, Даниал ақсақал...
Абайдың 45 қара сөзі мен барлық өлеңін, Мағжан өлеңдерін, Алпамыс, Қобыланды, Қыз Жібек жырларын жатқа айтатын кісі ауыл аралап, балаларды кітапқа қызықтырып жүр.
Даниал Сабырұлы, абайтанушы, Павлодар қаласының тұрғыны:
Мен өзім күзде 50-60 ауылды Павлодар облысында аралап шығам жылда. Мысалы, мен келіп Мағжанды айтқанда содан кейін кітапханаға барып, Мағжанды іздей бастайды.
Дананың жобасы да қызық. Кітаптағы оқиғаны көз алдыңа әкеледі. Құлаққап арқылы сол сәттегі дыбыстарды жеткізіп, шөптермен даланың иісін де сездіреді. Кішкентай бала кітаптың ішінде жүргендей күй кешеді.
Дана Бөкенова, Шығыс Қазақстан облыстық Балалар және жасөспірімдер кітапханасының маманы:
Мысалы үшін, Әлібек Асқаровтың әңгімелер алынған. Яғни, табиғатқа байланысты. Мына жерде тауға саяхат жасап отыр, өзен, жаңбыр жауды дейді.
Ол 1 жыл бұрын жеке демеуші тауып, Ресейден 16 құрылғы сатып алған. Жобасын кеңейтуге мемлекеттен қолдау сұрайды. Еркеназдыкі де ерлік дерсіз. Алматы облысының шетіндегі үш ауылға ортақ жалғыз кітапхананы гүлдендіріп, ауыл балаларын оқуға тартып жүр.
Еркеназ Тергенбаева, Асысаға ауылдық кітапханасының кітапханашысы:
Кітапхана мүлде болмаған, сол жердің дом культурасы бос болды. Қарап тұрсаңыз интернет жүйесі жоқ, біріншіден, екіншіден, ауылда балаларға кереметтей жағдай жасалмаған.
Біз көрсеткен үш азамат та бала деп барын салып жүр. Ал, мемлекет қолдауы қандай болмақ? Осы жауапты министр кітапханашылар жалақысын жыл сайын 25 пайызға ұлғайту жұмысы жүріп жатқанын айтты. Шалғайдағы кітапханашыларды Астанаға шақырып, мәселесін тыңдады.
Енді сондай авторлар анықталып, сұраныстағы кітаптар басылады. Әйтпесе, нарықтық кезеңде кез келген адам кітап шығара алады. Ал, мемлекеттік тапсырысқа қатысты дау-дамай жыл сайын болып жатады.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Қазақстандағы ең қымбат кітап 1 млн теңге екен. Жо-жоқ, бұл емес. Мұны мен ... теңгеге сатып алғам. Ал, жаңағы айтқанымыз 30 томдық бүкіләлем әдебиетінің жинағы. Яғни, біреуі 30 мың теңге, бірақ, олар жеке жеке сатылмайды. Сол 30 томдықтың 1 айда 3 данасы өтеді екен. Яғни, 1 млнға кітап алатындар бар. Ал, негізі Қазақстанда кітаптардың орташа бағасы 3500 теңге.
Аманкелді Сейтхан