Бүгін Астанада конкурдан ел чемпионаты басталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 80 шабандоз жиналды. Сайыстың алғашқы күнінде 40-қа жуық спортшы мен сәйгүлік өнер көрсетіп үлгерді.
Бұл Нұрила Тұрысбаеваның 10 жасар Джорни есімді сәйгүлігі. Ел чемпионатына қосу үшін екі жыл бұрын Германиядан арнайы сатып әкелген. Себебі, қазақы жылқылар, тіпті ақалтекенің өзі конкурға бейімделмеген, дейді шабандоз. Қаршадайынан арғымаққа қарғып мінген қыз осы жарысқа Джорнидан бөлек, тағы 3 тұлпарын дайындапты.
Нұрила Тұрысбекова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Мен осы ат спортымен 12 жастан бері айналысамын. Аттарды жақсы көремін. Менің атам мен әкем де аттармен айналысқан. Сол үшін мен солар сияқты болғым келеді.
Қазақстан чемпионатына қырғыздар да қатысуға ниет білдіріп, жекелей өнер көрсетіп жатыр. Ал қазақстандық шабандоздар командаға бөлініп, әртүрлі биіктіктегі 8 кедергіден сүрінбей өтуі тиіс.
Шыңғыс Шалқарұлы, шабандоз:
Атты жарыстың алдында алып келеміз. Аттар сезіп жатады. Жарысқа шығайын деп жатамыз, тазалап жатқан кезде қазбалап, жарысқа шығуға деген ынтасы білінеді. Мысалға бүгін атым жарысқа дайын екенін білдірді. Бұл жақта ең бастысы ат пен адамның түсіністігі. Психологиялық тұрғыда жарыста кішкене қиындау болады енді.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Осы жердегі құйрық жалы таралған 80-ге жуық сайгүлік қазір тебініп тұр. Жарысқа сақадай сай. Бүгін 30-дан аса спортшы ат үстінде кедергілерді еңсерді. Қалғаны ертең жарыс алаңында өнер көрсетеді. Ал тартысты додада тақымы мықты шабандозға 26 млн теңге жүлде қоры табысталады.
Турнирге әлемнің үздік төрешілері шақырылған. Олар атты ғана сынап қоймай, шабандоздың да дайындығын сарапқа салады.
Дәурен Асхат, ҚР Ат спорты федерациясының президенті:
Мұндай жарыс Астанада бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін тек Алматыда өткен. Елордада халықаралық талапқа сай кешен былтыр ғана ашылды. Олимпиадалық ойында өнер көрсету үшін бізге әлі де қаржылай қолдау жетіспейді. Негізі, ұлттық құраманың бір жылдық бюджеті 400 млн теңге болу керек. Бүгінде бізге тек 50 млн теңге беріліп отыр.
Осы чемпионатта үздік нәтиже көрсеткендер ұлттық құрама сапына қабылданып, халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғайды.
Тәуірбек Бозекен