Басты Жаңалықтар Бас прокуратура: 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды

Бас прокуратура: 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орны мұқият тексеріліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды. Бас прокуратураның дерегінше, тергеу үшін қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді. 12 сараптама белгіленді. Жиналған деректер бірқатар лауазымды тұлғаның қызметтік міндетіне салғырт қарағанын көрсетіп отыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, олар жеке құрамның қауіпсіздігіне қатысты қажетті шараларды дер кезінде қолға алмаған. Бұған қоса, төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарын ұйымдастырудан да олқылықтар кеткен. Қазір күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті жеке-жеке зерделеніп жатыр. Тергеу қорытындысында олардың жауапкершілігіне құқықтық баға беріліп, заң талаптарына сай тиісті шешім қабылданады.


Бөлісу