Euro-2024: Финляндия 1-2 Қазақстан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Euro-2024: Финляндия 1-2 Қазақстан

18.10.2023

Тағы да камбэк! Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті мәрте жігер танытып, жеңісті жұлып кетті. Euro-2024додасына іріктеу аясында жерлестеріміз кеше Финляндия құрамасына қонаққа барған еді. Футболшылар бұл ойында бірнеше тарихи нәтижені жаңартып, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі.

Иә, қос құрамаға да ұпай ауадай қажет. Жеңіске жеткені ғана еуро чемпионатқа үміттене алады. Алаң иелері бірден шабуылға ден қойды.

28 –минутта Роберт Тэйлор жойқын соққы жасап, Финляндия құрамасы алға шықты.

Бірінші таймда есеп сол күйі қалды. Дегенмен, үзілістен кейін Магомед Адиевтің шәкірттері ойын өрнегін өзгертіп, басымдықты қолға алды. Кезекті шабуыл кезінде капитан Асхат Тағыбергеннің алыстан тепкен добы, бағанаға тиді.

76-минутта финляндиялық қорғаушы айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. 11 метрден Бақтиер Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. 1:1.

Ойынның соңғы минуттары. Рамазан Оразовтың бұрыштамадан әуелеп асырған добын Бақтиер қақпаға тура бағыттады. 2:1.

Осы ойыннан кейін Қазақстан құрамасы 15 ұпай еншіледі. Бұл әлем және еуро чемпионаттарына іріктеу аясындағы ең жоғары нәтиже

Ал дубль авторы атанып, жеңіс сыйлаған Зайнутдинов 14 голмен ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.

Бахтиер Зайнутдинов, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:

Алғашқы тайм ауыр болды, жоспарымызды жүзеге аспады. Үзілісте бапкер бізді жігерлендіріп, қажетті сөздер таба білді. Біз Еуроға шықсақ деп армандаймыз, сондықтан жеңілуге құқымыз жоқ. Елтаңба үшін соңына дейін күресеміз.

Қазақстан құрамасы әзірге H тобында 3 орында келеді. Енді қарашада Сан-Марино командасын қабылдап, Словенияға қонаққа барамыз. Әдиевтің шәкірттері жеңісті жолды жалғастырып, Германияға жолдаманы жеңіп алады деп сенеміз.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу