«Сазген сазы» ансамблі Брюссельде концерт берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сазген сазы» ансамблі Брюссельде концерт берді

17.10.2023

Қазақ музыканттары Еуропа жұртын тамсантты. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұжымы Брюссельде өнер көрсетті. Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

40 жылдық тарихы бар «Сазген сазы» ансамблінің ұжымы бұған дейін әлемнің үздік сахналарында талай өнер көрсеткен. Бірақ, Брюссельге бірінші рет келіп тұр. Талғамы биік көрерменнің көңілінен шығу үшін өнерпаздар көпшілікке алдымен қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді.

Құнды қобыз, сыршыл домбыра, нәзік шертер, сазды сыбызғы, жұмбақ үнді жетіген. Әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтардың таңдайын қақтырды. Шеттегі қандастарымыздың жүрегін тебірентті. Сырға толы музыка, ұлттық киімдердің көркі көпшілікті тәнті етті.

Микаэль Зиберт, Еуропалық Сыртқы істер қызметінің Ресей, шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:

 «Сазген сазы» ансамблі бізді өзге әлеммен таныстырды. Музыканттардың дауыстарын, түрлі музыкалық аспаптардың үнін естіп, ерекше ләззат алдым. Өнерпаздар өз мәдениетін мажар, аргентина сияқты өзге елдердің мәдениеттерімен ұштастыра отырып, керемет шоу көрсетті.

Маквой Кевин, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мен бүгінгі кештен елдеріңізге сапарлағандай әсер алдым. Мәдениеттеріңізбен жақыннан таныстым. Сиқырлы музыка, әртістердің орындау шеберлігі жоғарғы деңгейде. Осындай ерекше концерттің куәсі болғаныма қуаныштымын.

Екі сағатқа созылған концертте «Сазген сазы»ұжымы қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттады. Музыка арқылы бабалар мұрасын, ғасырлар сарынын жеткізген өнерпаздарға талғампаз көрермен тік тұрып қошамет көрсетті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу