Елордаға «Жапон көктемі» келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордаға «Жапон көктемі» келді

31.03.2014
Елордаға «Жапон көктемі» келді
3 сәуірде елордада «Жапон көктемі» III халықаралық өнер фестивалі аясында ҚазҰӨУ орган залында Қазақстан өнер майталмандарының концерті  өтеді. Оған әйгілі қазақстандық әншілер мен музыканттар, сондай-ақ, «Астана Опера» театрының атынан жапон балет бишілері қатысады. Бұл туралы astana.kz сайтына іс-шараны ұйымдастырушылар хабарлады.
 
«Дегдар» гуманитарлық қоры «JTI» компаниясымен бірге төрт жыл бойы күз бен көктемде Астана мен Алматыда атақты жапон орындаушылары және Қазақстандағы музыка саңлақтарының қатысуымен өтетін фестивальдер ұйымдастырып келеді.
 
Фестивальдің негізгі мақсаты - қазақстандықтарды Жапонияның дәстүрлі және заманауи мәдениетімен таныстыру, Қазақстандағы орындаушылық мектептің жетістіктерін көрсету. Сонымен қатар, өнердің әр саласындағы дарындарды қолдау, екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға дәнекер болу.
 
Кешке «Сазген сазы»  фольклорлық-этнографиялық ансамблі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева (сопрано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин (баритон), Арман Тілеубергенов (фортепиано), Ермек Құрманаев (виолончель), Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Салтанат Әбілханова (орган), Қанат Ботабаев (маримба), «Астана Опера»  театрының бишілері Сэрина Сунагава, Марико Китамура, Сейка Тоносаки қатысады.
 
Концерт бағдарламасында жапон авторларының белгілі шығармалары мен қазақ және еуропалық классика, дәстүрлі жапон хореографиясы орындалады.

Хабарламаларға жазылу