Орталық Азиядағы қауіпсіздікке басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азиядағы қауіпсіздікке басымдық беріледі

17.10.2023

Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға АҚШ бірінші кезекте басымдық береді. Экономикалық байланыстарды да тереңдету мақсаты тұр. АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм осылай деп мәлімдеді. Ресми Вашингтон аймақтағы бес мемлекеттің өзара тығыз жұмыс істеуіне мүдделі.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Орталық Азиядағы тұрақтылық аймақ үшін ғана емес бүкіл әлем үшін маңызды. Сондықтан АҚШ өңірдің қауіпсіздігіне баса назар аударды. Оның ішінде сыртқы қауіп қатерлерді азайтуға, терроризмге қарсы күреске, ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұруға және құқық қорғау саласындағы байланысты тереңдетуге дайын. Орталық Азия және АҚШ форматында жұмыс істеу барлық тарапқа тиімді болмақ дейді мемлекеттік департаментінің лауазымды тұлғасы. Бес мемлекет бірлік танытып, бірлесе жұмыс істеуге ынталы болуы шарт.

Джон Марк Поммершайм , АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары:

Біз аймақтағы елдердің тығыз жұмыс істегенін қалаймыз. Егер олардың арасында жақсы тасымал байланысы орнап, өзара түсінік артса, сауда-саттық өсіп, мемлекеттер гүлдене түседі. Аймақтың бұл бағытта бірлесіп жұмыс істегісі келетіні байқалады және АҚШ оған көмектесе алады. Соның ішінде жаһандық инфрақұрылым және инвестиция бағдарламасы бойынша Транскаспий дәлізін дамытуға мүдделіміз. Аймақ елдері орта дәліз арқылы еркін сауда тасымалына қол жеткізгенін қалаймыз. Бұл салада көп шаруа атқарылды және АҚШ оны одан әрі жалғастыруға ниетті.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Еуразия құрлығындағы геосаяси жағдай Азия елдеріне де кері ықпалын тигізіп отыр. Оның ішінде Ресейге салынған санкциялардың салдары біздің елге де етіп жатқаны жасырын емес. АҚШ өкілі батыс санкциясың Орталық Азия елдері оның ішінде Қазақстан зардап шекпеуі үшін барынша қам жасап жатырмыз дейді. Мәселен, біздің фирмаларға ресейдегі активтерді шығару үшін арнайы лицензия беру сияқты мәселелер бойынша Қазақстанмен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Джон Марк Поммершайм, АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары:

«Альфа Банк» пен «Сбербанк» секілді ресейлік банктердің Қазақстандағы еншілес компанияларын екі қазақстандық банктің алуына қолғабыс еттік. Каспий мұнай құбыры консорциумына да бір бөлігі ресейлік болса да өзінің қызметін жалғастыруға рұқсат берілді. Қазақстанға жоғары деңгейдегі делегациялар сапармен барып қайтты. Соның ішінде Қаржы министрлігі мен Сауда министрлігінің өкілдері ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін өте егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ Мемлекеттік департаменті Нью-Йоркегі БҰҰ БА сессиясы аясында өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитін жоғары бағалап отыр. Өйткені Ақ үй басшысы алғаш рет аймақ басшыларымен кездесті. Жалпы осыдан екі жыл бұрын жарияланған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі стратегиялық құжатында Орталық Азия туралы бірде бір сөз жоқ еді. Қазіргі геосаяси жағдай ресми Вашингтонның ұстанымын өзгерткендей. Тіпті, Байден көп ұзамай Орталық Азия елдерінің біріне ресми сапармен баруым мүмкін деп те қалды. Бұл жалпы өңір тарихындағы АҚШ президенттерінің алғашы сапары болмақ.

 Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу