Қазақстан мен Чувашия арасындағы сауда айналымы 35 есе артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Чувашия арасындағы сауда айналымы 35 есе артқан

16.10.2023

Қазақстан мен Чувашия республикасының арасындағы сауда айналымы 35 есе өскен. Бұл 2023 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіш. Екі тарап барлық салада ынтымақтастықты арттырмақ.

Чувашия республикасы Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік коммуникацияларының қиылысында орналасқан. Өңірде өнеркәсіп өндірісі жетекші орын алады. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанмен бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру көзделуде.

Максим Козлов, сыртқы байланыстар секторының меңгерушісі:

Қазақстанмен сауда айналымы өте қарқынды дамып жатыр. Химиялық өнімдер, машина жасау, салаларында ынтымақтастық жоғары. Өткен жылы сауда айналымы 19 пайызға өссе, биыл нәтиже жаман емес.

Чувашия кәсіпорындары Қазақстанмен жылу электр станцияларын автоматтандыру, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдері саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі. Өңірдің бірқатар электротехникалық кәсіпорындарының елімізде өз өкілдіктері бар.

Олег Николаев,Чувашия республикасының басшысы:

Қазақстандық әріптестерімізбен байланыс үзілген емес. Алға қойған мақсаттарымызға жеттік деп ойлаймын. Бірақ екіжақты әріптестікті нығайту керек. Өз тарапымыздан бизнеске барлық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазақстаннан Чувашияға білім алуға келетіндердің де саны артып отыр.

Алдағы уақытта өңір орталығы Чебоксары қаласында Қазақстанның құрметті консулдығын ашу жоспарда бар. Осы арқылы әріптестікті нығайтып, алыс-берісті арттыру көзделуде.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу