Құқық пен міндет: Ата-ана таңдауы бала таңдауы ма?
Осы аптада мектептегі орамал мәселесі тағы көтерілді. Оқу-ағарту министріне жауап беруге тура келді. Үкімет отырысынан кейін Ғани Бейсембаевтан тілшілер: «Атырауда 150-ге жуық қыз баланың орамалға байланысты мектепке бармай отырғаны рас па?» деп сұраған еді...
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Қыркүйектің басында олардың саны 150-ден көп болды. Бірақ ата-аналармен түсіндірме жұмыстарынан кейін жағдай қалыпқа түсті. Өйткені бәріңіз жақсы білесіздер мектеп балалардың ең алдымен сапалы білім мен тәрбие алатын ордасы. Ата-аналардың басым бөлігі де осыны түсінді.
Бірақ министр «Қазақстанда қанша қыз баланың сабақтан қалып жатқанын білмеймін» деді. «Әйтеуір өңірлердің бізге берген есебі бойынша ондай оқушылар жоқ» деп түйіндеді сөзін.
Бұған дейін «Аптадан» мектептегі орамал тақырыбын көтерген едік. Сонда дін мамандары: «Бұл – ата-ананың қалауы ма, әлде баланың таңдауы ма? Осының ара-жігін ажырату керек» деген.
Әрине, балаға ең алдымен ата-ана жауапты. Бірақ азаматтар перзенті үшін қаншалықты дұрыс таңдау жасап жүр? Мысалы, осы күзде Қазақстанда қызылша дерті өршіді. Тіпті, Алматыдағы №172 мектептің бастауыш сыныптары қашықтан оқуға көшкен. Себебі білім ордасындағы оқушылардың бірінен қызылша анықталған. Қызылша мен ата-ана таңдауының қандай байланысы бар дейсіз бе?
Нұрша Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Қызылша ауруының өршіп тұруы қазіргі кезде. Бүгінгі күнге дейін 8300-ден аса қызылша ауруы тіркеліп отыр қазіргі кезде. 80 пайыздан астам егілмеген балалар арасында тіркеліп отырғаны осы вакцинация алмаудың салдары болып отыр.
Ал вакцина тек ата-ананың ғана рұқсатымен егіледі. Жалпы, бала үшін әке-шешесінің таңдау жасағаны дұрыс па? Саулық мәселесіне келгенде... Ата-аналарды айыптау әсте ойымызда жоқ. Бірақ баланың денсаулығы үшін қажет процедуралардан тек өзінің нанымы мен сеніміне сүйенуі қауіпті емес пе?! Жалпы, жас ұрпақтың қамы үшін деп, біраз тыйым салуға талпынатындар бар. Әлеуметтік желілерді шектеу сияқты ұсыныстар да айтылып жатады. Иә, ғаламтор кеңістігінде жақсы мен жаман қатар жүреді. Бірақ қазір жаңа технологияларсыз білім беруді де елестету қиын. БҰҰ конвенциясының 13-бабында: "Бала еркін пікір білдіруге, кез келген ақпарат пен идеяны іздеп, алып, таратуға құқылы" деп жазылған. Ал Қазақстан 1994 жылы осы Халықаралық бала құқығы туралы конвенцияға қол қойған еді.
Қазақстанның бала құқықтары туралы заңның 10 бабында:
Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны физикалық және психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан, баланы жәбірлеуден , жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, конституцияда бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.- дейді.
Заң бар. Бірақ ол қаншалықты жүзеге асып жатыр? Ата-ана бала пікірімен санаса ма? Қазақстандық ата-аналар бала тәрбиесінде қандай әдіс қолданады? Психологтар мен заңгерлер не дейді? Елдос Есенболдың бейнематериалы.
Елдос Есенбол, тілші:
Күні бүгінге дейін баланы қалай тәрбиелеудің нақты нұсқаулығы жазыла қойған жоқ. Жазылмайтын да шығар. «Себебі әр бала – өзінше ерекше. Басқасын айтпағанда бір үйдің екі баласы екі түрлі болуы мүмкін ғой»,-дейді психологтар. Осы тұста, тіпті, түрлі кітап жазып жүрген мамандардың да пікірі сан-саққа бөлінеді. Ал ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше, Қазақстандағы баланы қорғап жүргендердің 33 пайызы тәртіпке келтіру үшін күш қолдануды дұрыс деп санайды екен.
Мысалы биыл ел бойынша 760 мың балаға екпе салынған. Бұл егілуге жататын балалардың 60 пайызы, дейді. Демек 40 пайыздың ата-анасы екпеден бас тартқан. Саналы түрде.
Нұрша Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Бас тартудың негізгі себебі жеке бас нанымы дейді. Әрқайсы мысалы өзім білемін деген сияқты жеке нанымы бойынша, жеке сенімі бойынша бас тартуы мүмкін. 20 пайызы діни нанымы бойынша бас тартатындар. 6 пайызы әлеуметтік желідегі информацияларға сеніп вакцинаны алудан бас тартатындар болады.
Дәрігерлер ешкімді екпе салдыруға мәжбүрлемейміз, дейді. Бірақ...
Нұрша Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Қазіргі кезде көкжөтел ауруы біршама республикада көтерілуі тіркеліп отыр. Өйткені көптеген ата-аналар қазіргі кезде тренд пайда болып отыр. Адамдар вакцинаға сенімсіздік көрсетіліп бас тарту үрдісі...
Қазан айының басында Щучинск қаласында оқыс оқиға болды. Ата-ана 1 жасар баласына қан құйдырудан бас тартады. Діни наным-сеніміне байланысты. Салдарынан сәби көз жұмады.
Тілі шықпаған перзенті үшін таңдау жасаса, түсінікті. Бірақ ес білген баласына да ерік бермейтін ата-аналар бар, дейді психологтар.
Айгүл Алтайқызы, медициналық психолог:
16 мен 17-нің аралығында балаларды оқуға дайындауға қатал талап қояды ата-аналар. Сен грантқа түсу керексің, сен оқу керексің, сен үшін жұмыс істеп жатырмын... Яғни балаларды өзі қаламайтын мамандыққа қайта-қайта айтып қинауы да мүмкін.
Яғни, әке-шеше өзінің орындалмай қалған арманын баласы арқылы жүзеге асырғысы келеді, дейді мамандар. Бұл аз десеңіз...
Статистиканы сөйлетсек... ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше, Қазақстанда ересектердің 75 пайызы баланы тәртіпке салу үшін қысым көрсеткен. Оның 30 пайызы психологиялық, қалғаны физикалық түрде.
Айгүл Алтайқызы, медициналық психолог:
Одан таяқ жеген бала өте агрессивті, психикасы сынады. Одан кейін ол бұзықтық жасайды. Сыртта өзімен құрдас, өзінен кіші балаларға тиіседі.
Жыл басынан бері отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 700-ге жуықтайды. Былтыр бұл уақытта 581 іс тіркелген екен. Соның ішінде кәмелетке толмағандар саудасы шамамен 3 есеге өскен. Оның басым көпшілігін 30 бен 50 жас аралығындағы азаматтар жасайды.
Ержан Жақсылықов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Қылмыстардың 65 пайызы полиция кіруіне шектеулі жерлерде яғни үй-жайларда жасалады. Екінші айта кететін себеп, әрбір төртінші қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың жақын адамдардан, полиция назарына түспеген адамдардан жасалады. Бұл яғни әкелер, өгей әкелер, таныстар, достар, көршілер.
Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Мәселен отбасындағы ажырасулардың салдарынан балалардың ата-анасымен байланыса алмай қалуы сияқты мәселелер. Балалардың алимент төлемеу мәселесі. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану жағдайлары түсіп тұрады. Осы жылдың 8 айында 1600-ден астам шағым түскен екен осы бағытта.
Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында бала құқығы бұзылады. Жыл басынан бері осындай деректерді жасырғаны үшін 40-қа жуық азамат жауапқа тартылған. Бірақ тәрбиеші немесе мұғалім отбасындағы сырын жете біле бермейді. Сондықтан психологтар бала мектеп табалдырыған аттағанда ата-анасын психотесттен өткізуді ұсынады.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
Үйіңде отырып көршінің баласының жылап жатқанын естісең, оның ұрып-соғып жатқанын сен білсең сенің азаматтық борышың шара қолдану керексің.
Яғни, шынайы азаматтық қоғамның белгілері осындай кезде көрінуі керек. Әйтпесе, ұлын әкесіне, қызын анасына қарсы қоятын «жанашырлар» да бар дейді заңгерлер.
Кәмшат Шынтекова, балалар мен әйелдер құқығын қорғаушы, заңгер:
Манипуляция жасайтын кез келген ол әже, ата болсын баланың психикасын бұзатын адамдарды жауапкершілікке тарту арқылы жаңа бап енгізуіміз керек. Әйтпесе қоғамда кім бұзылып жатыр? Бала бұзылып жатыр, ересектерге бәрібір. Себебі ересектер өздерінің эгоистік мақсатын жүзеге асырады.
Елдос Есенбол, тілші:
Ең бастысы бала болашақтың инвестициясы екенін естен шығармасақ екен дейді мамандар. Дәл осы ситуацияны әйгілі поляк психологы, жазушы Януш Корчактың сөзі дөп түйіндейтіндей. «Жүз бала – жүз түрлі тұлға, оларға болашақта адам болады деп емес, қазірдің өзінде – дәл бүгін адам деп қарау керек».
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
