Президент: Нағи Ілиясов ауылы басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Нағи Ілиясов ауылы басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет

15.10.2023

«Күрделі геосаяси ахуал кезеңінде елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырамын». Қызылорда облысының еңбек адамдарымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы жұмыс сапарын ел арасында екінші «Родина» аталып кеткен Нағи Ілиясов ауылынан бастаған.

Бұл жерде «Родина» деп отырғанымыз – кәсіпкер Иван Сауэр қаржыландыратын Астананың іргесіндегі Родина ауылы. Ал Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылына кәсіпкер, Еңбек ері Абзал Ералиев демеушілік етеді. 

Ол басшылық ететін кәсіпорын елді мекеннің көшелері мен орталық алаңын абаттандырған. Әрі бірқатар мәдени-әлеуметтік нысан салып берген. Президент ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан соң, «Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. 

Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын» деді. Бұл – басқа аймақтардағы кәсіпкерлерге қарата айтылған кезекті үндеу іспеттес. Себебі мемлекет басшысы ауылға қаржы салып, көмектесу керек деп бизнес өкілдеріне орайы келгенде үнемі айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында салынып жатқан әуежай терминалының құрылысымен танысып, бірқатар нысанды аралап көрді. 

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы баяндама жасады. Ал мемлекет басшысы осы жұмыстарға оң бағасын беріп, аймақтың өркендеуіне баса мән беретінін айтты. 

Әріптесім Данияр Қайыртай жалғастырады.

 Данияр Қайыртай, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кіріскелі Сыр өңіріне екінші рет сапарлап отыр. Алғаш рет осыдан төрт жарым жыл бұрын келіпті. Қазір облыстың дамуға бөлетін бюджеті 3 есе өскен. Биыл 127 млрд теңгеге жетіп отыр. Өңірді дамытуға кәсіпкерлердің де қаражаты тартылады. Олар биыл 37 млрд теңгеге демеушілік жасаған.

Мәселен, облыс орталығында салынып жатқан әуежай терминалына жеке инвестор 15,7 млрд тг құйған. Жергілікті бюджеттен тек инфрақұрылым жүргізіп, абаттандыру үшін 4,3 млрд тг бөлініп отыр. Әуе айлағының жаңа ғимараты рейс санын көбейтіп, жолаушы тасымалын арттыру үшін қажет.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Қазіргі таңда 80 пайыз жұмыс бітті. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз.

Қалада бұған дейін автобекет болмаған. Сондықтан қазір заманауи үлгідегі жаңа бекет құрылысы жүріп жатыр. Ол жыл соңына дейін іске қосылады. Одан бөлек, қаладағы теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өңір әкімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылордадан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғанын да баяндады.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

2024 жылдан бастап жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу басталады. Қазіргі таңда 10 мың үстінде көлік қатынауда. – Жол, расында, тар екен. Неге созылып кетті? Тездету керек!

Президентке Қызылорда-Жезқазған автожолының құрылысы туралы да мәлімет берілді. Қазір облысқа тиесілі 200-ден астам шақырым жолдың жартысы дайын.

Ал шаһардың жылу электр орталығы 60 жыл бұрын салынған. Бірнеше рет жөнделсе де, қондырғыларының 90 пайызға тозып кеткен. Жамап-жасқай беруге жарамайды. Сондықтан Қызылордада жаңа жылу электр орталығы салынады. Былтыр Түркия компаниясымен бу-газ қондырғысын орнату жөніндегі келісімшартқа қол қойылған. Жоба құны – 215 млрд тг. 2025 жылдың соңына қарай іске қосылмақ.

Мемлекет басшысы темірбетон бұйымдарын өндіретін жаңа зауытқа барды. Инвесторлар 2,5 млрд теңгеге салған комбинат күніне 200 текше метр өнім шығарады. Ал шикізат облыс аумағындағы кәсіпорындардан алынады.

Исламғали Қозыбақов, кәсіпорын құрылтайшысы:

Құрылыс материалдарын шығарамыз. Одан бөлек мұнай саласына керекті құрылыс темір-бетон бұйымдарын шығарып жатырмыз. Құрылыс материалдарының барлық көлемі осы Қызылорда қаласында жеткізіліп жатыр.

Президент аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлерінің көрмесін аралады. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажет материалдар.

Данияр Жаналинов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Құрылыс материалдарын өндіру өңірдің басым саласы. Салада 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Негізгі үлесі шағын кәсіпорындар болып табылады. 12 мың адам жұмыспен қамтылған. Есепті кезеңде құрылыс материалдар өндіру көлемі 40 млрд. теңге. Ал экспорттылық көлемі 5 млрд теңгеден асып отыр.

Күріш – осы өлкенің бренді. Сондықтан Президент күріш ақтайтын зауыттың біріне соқты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Былтыр ашылған бұл зауытта жылына 35 мың тонна күріш шығарылады. Кәсіпорын Оңтүстік Кореяның цифрлық күріш ақтау технологиясымен жұмыс істейді. Дайын өнім мынадай қапшыққа оралып, ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіледі.

Сағидулла Сыздықов, «Алтын орда» күріш өндіру зауытының директоры:

Жыл басында ең алғашқы 70 тонна күрішіміз АҚШ-қа жібердік, Нью-Йорк қаласына. Жалпы клиенттеріміз ТМД елдері, Орталық Азия, одан бөлек Нестле, Марс деген дүниежүзілік танымал мекемелер біздің клиентіміз.

Мемлекет басшысы осы өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыс істейді. Биыл 160 мың тонна ас тұзын шығару жоспарланған. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.

Президент Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көрмесіне де қатысты. Мемлекет басшысы диқандарға күріштен бөлек, суды аз қажет ететін дақылдарды өсірудің маңызды екенін айтты. Биыл өңірде 193 мың гектарға дәнді дақыл егілген. Соның жартысына жуығы, яғни 89 мың гектары – күріш алқабы.

Талғат Дүйсебаев, Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Біз күріш көлемін келесі жылдан бастап 80 мың гектар көлемінде егуге жоспар қалыптастырылуда. Одан көп қысқартуға мүмкіншілік жоқ. Біз күрішті 80 мың гектардан төмен егетін болсақ, жаңағы айтылып отырған инженерлік жүйеге келтірілген жерлер қайтадан сорланып, тұзданып, а/ш айналымынан шығып қалу қаупі бар.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл Қызылорданың іргесіндегі Нағи Ілиясов ауылы. Ауыл деген аты ғана. Әйтпесе қаладан кем емес. Елдімекенді абаттандырып, әлеуметтік нысандар салуға жергілікті дәулетті азаматтар атсалысып келеді. Қазір ауылда 2 жарым мыңға жуық тұрғын бар. Халық негізінен күріш шаруашылығымен айналысады.

Ауылды демеуші шаруашылық 5 мың гектар жерге күріш егеді. Компания 470 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Әрі жыл сайын ауылдың дамуына 100 млн тг қаражат бөледі.

Сағдат Нұрмағанбетов, Нағи Ілиясов ауылының әкімі:

Спорт кешеніне бюджеттен 180 млн теңге қаржы бөлінсе, Абзал и К демеушілігімен 204 млн тг қаржы бөлініп, 384 млн тг үлкен спорт кешені салынды. Сонымен қатар ауылда 1,5 гектар жерге еңбекшілердің құрметіне 450 млн теңгеге Еңбекшілер аллеясы салынған болатын.

Мемлекет басшысы осы нысандарды аралап көрді. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен шұғылдана алады. Президент жаттығу жасап жүрген жеткіншектермен кездесті.

Мемлекет басшысы Нағи Ілиясов ауылын абаттандыру жұмысымен танысып, облыстың үздік ауылдары туралы бейнеролик тамашалады.

Президент ауыл көркіне айналған «Еңбек аллеясына» барып, жұмысшылармен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, еңбек адамдары – біз үшін, халқымыз үшін ең қажетті, ең құнды адамдар. Ең әуелі біз еңбек адамдарына сыйластығымызды көрсетуіміз керек.

Ал ауыл жастарына қарата еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің маңыздылығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі өте күрделі заманда ең алдымен елімізде тыныштық болуы керек. Ең басты құндылық – еліміздің, халқымыздың татулығы.

Расында, әлемнің әр тұсында соғыс өрті тұтанған шақта тыныштық пен татулық туралы риториканың мән-маңызы арта түскендей.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу