Семейде Бекен Жылысбаев атындағы вокалистер байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Бекен Жылысбаев атындағы вокалистер байқауы өтті

14.10.2023

Семейде Қазақстанның халық әртісі, әнші, қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Бекен Жылысбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық вокалистер байқауы өтті. Екі күнге жалғасқан өнер сайысында еліміздің әр өңірінен келген таланттар сынға түсті. Әншілер сахнадан қазақ ән өнері шеберінің репертуарындағы шығармаларды шырқады.

Бекен Жылысбаев - Қазақстандағы классикалық вокал өнерінің іргетасын қалаушы. Халық әндері мен орыс, шетел композиторларының туындыларын биік деңгейде шебер орындаған әнші. Биыл талант иесінің мерейтойына орай жыл бойы еліміздің әр өңірінде тұлғаның есімін ұлықтайтын мәдени шаралар өтті. Туған топырағы Семей жеріндегі республикалық ән байқауы соның қорытындысы.

Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Осы өңірде осындай мәдени шаралар бірі ретінде вокалистердің конкурсын өткізсек деп, осы шараны қолдап әкімшілік қаражатын бөліп, осылай шараны жасап жатыр. Осы өңірден бастап, жаңа таланттарды іздеп. Ауылдан шығып жатқан, колледжда оқитын кәсіби әншілер қатысып жатыр.

Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауда өңірлерден келген 19 жас талант өнер көрсетті. Үздіктерді Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, опера әншісі Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов бастаған қазылар алқасы бағалады.

Мақсат Саматов, байқаудың гран-при иегері:

Ол кісінің біздің үлкен осы опера жолына, опера саласын өз қолын қалдырды. Ол кісінң репертуарымен өте қанып таныспыз. Қалай осы опера өнеріне келгелі бері білім, көріп, тыңдап өстік десек те болады.

Республикалық байқау Гала-концертпен түйінделді. Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаев атындағы вокалистер сыны енді дәстүрлі түрде еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылмақ.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу