Алматыда бір адам тоққа түсіп мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бір адам тоққа түсіп мерт болды

13.10.2023

Алматыда бір адам тоққа түсіп мерт болды. 37 жастағы азамат бағанаға шығып монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Кенеттен тоқ тартқан. Оқиға «Атмосфера» тұрғын үй кешенінің жанында болған. Куәгерлердің сөзінше, барлығы әп-сәтте болды.

Максим Шашкин, оқиға куәгері:

Бірнеше адам электр сымдарын тартып жатты-ау деймін. Бір адам бағананың үстіне шығып тұрған. Кенет үлкен жарқыншақ көрініп, от шықты. Артынша шу болып, айналаны түтін басып кетті. Біреулер «қозғалма, қозғалма» деп айғайлап жатты. Жүгіріп барсам үстіндегі адамның электр сымдарына жабысып тұрғанын көрдім.

«Алатау жарық» компаниясы бұл желі Талғар электр тораптық аймағына тиесілі екенін айтады. Алайда баған «Атмосфера» тұрғын үй кешенінің меншігінде. Құрылыс жүргізіп жатқан компания өкілдері пікір білдіруден бас тартты. Куәгерлердің сөзінше, қайтыс болған азамат осы мекеменің жалдамалы жұмысшысы болуы мүмкін дейді. Ал, «Алатау жарық» компаниясы оның электрик емес екенін айтты. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның анық-қанығы анықталып жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Аталмыш дерек бойынша Түрксіб полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде Қылмыстық Кодекстің 156-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Басқа да мән-жайлар анықталуда.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу