Чувашияда қазақтың қара домбырасына сұраныс артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чувашияда қазақтың қара домбырасына сұраныс артқан

12.10.2023

Ресейдің Чувашия республикасында жастардың тарапынан қазақтың қара домбырасына сұраныс артқан. Өйткені чуваш халқында тамра деп аталатын ұлттық аспап қазақтың домбырасына ұқсас. Музыкамен шұғылданатын жастар Қазақстанға барып, қазақтың ұлттық өнерімен, салт-дәстүрімен танысқысы келеді. Даниил Данилов чуваш халқының жас музыканты, көнеден келе жатқан ұлттық аспаптарға қызығады. Бірнеше жыл бұрын қазақ халқының ең кең тараған ішекті, көп пернелі домбырасын алып, ұлттық күйлерді үйренді.

Даниил Данилов, музыкант:

Біздің халқымызда домбыраға ұқсайтын «тамра» деп аталатын ұлттық аспабымыз жоғалып бара жатқанын байқадым. Сондықтан қазақтың домбырасын сатып алып, үйрендім. Кейін қандай болатынын зерттеп, көп іздендім. Қазақтың ұлттық музыкасы ерекше. Алдағы уақытта «Дударай» әнін үйренгім келеді және Қазақстанға бару арманым.

Жалпы «тамра» ұлттық аспабы 20 ғасырда Чуваш халқының арасында кең таралған музыкалық аспаптардың бірі болды. Ал бұл халықтың музыкалық аспаптарының көпшілігі ата-бабаларынан-Еділ бұлғарларынан алынғаны белгілі.

Марина Федорова, этнографиялық кешен басшысы:

Мен ежелгі музыкалық аспаптарын зерттеп жүрмін. Ашмарин сөздігінде 50-ден астам түрін кездестіруге болады. Олардың ішінде варган қобызды, сазсырнайды ерекше атап өтер едім. Ал пентатоника барлық түрік халықтарына ортақ екені жасырын емес.

Чувашия республикасы Ресейдің еуропалық бөлігінде орналасқан. Халқының басым бөлігі чуваштар. 65 пайызы өз ана тілінде сөйлеп, атадан қалған салт-дәстүрін сақтап қалған. Мамандар алдағы уақытта қазақ-чуваш халықтарына ортақ музыкалық аспаптарды зерттемек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу