Мәскеуге сапарының алдында Президенттің «Тұран» газ жылу станциясына барғанын атап өту керек. Сол кезде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Астанада осы жылыту маусымынан бастап екі жаңа газ жылыту станциясы іске қосылады, ал жыл аяғына дейін үшінші Жылу электр орталығының құрылысы аяқталатынын» айтты.
Жаңа салынған «Оңтүстік-Шығыс» атты газ жылу станциясы Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын алабы сияқты құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етсе, құрылысының бірінші кезеңі аяқталған «Тұран» дейтін станция қаланың сол жағалауындағы жаңа аудандарды жылытады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ жылу станцияларын кезең-кезеңмен пайдалануға беріп отыруды тапсырды.
«Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қалада үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жарық және су. Тұрғындар бұл қажеттіліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда туралы болып отыр. Ешқандай кідіріс болмауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Сондықтан аталған мәселені бәріміз жұмылып, міндетті түрде толық шешуіміз қажет»,- деді Мемлекет басшысы.
Қала әкімі Президентке алдағы уақытта Астана су қоймасынан тартылатын су құбыры мен сорғы-сүзгі станциясы іске қосылатынын айтты. Бұдан бөлек Нұра жерасты су көзінен су құбырын тартып, «Тельман» сорғы станциясының қуатын арттырудың жобалық құжаттары әзірленіп жатқанын баяндады.
Мемлекет басшысы Астананың сол жағалауында жаңадан ашылған «Sana» атты оқушылар сарайын да аралап көрді. Онда мектеп жасындағы балаларға арналған 60-тан астам үйірме жұмыс істейді. Қалада 2029 жылға дейін осы сияқты 15 оқушылар сарайын салу жоспарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың индустриалды нысандарын аралау барысында бронды дөңгелекті техника өндіретін Қазақстан парамаунт инжиниринг зауытына да барды. Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне Мемлекет басшысы биылғы жолдауында да арнайы тоқталған еді.
Саладағы кәсіпорындарды Үкімет енді қалай қаржыландырады? Отандық әскери техника мен қару-жарақ түрлерінің сапасы қандай? Келесі бейнематериалда.
Данияр Қайыртай, тілші:
Бұл – төрт түрлі броньды дөңгелекті машина шығаратын отандық зауыт. Кейінгі уақытта компания құзырлы мекемелер тарапынан мемлекеттік тапсырыс азайып кеткенін айтып, дабыл қағып жүрген. Содан болар кейінгі 1 жарым жылдың ішінде Мемлекет басшысы бұл зауытқа екі рет келді. Енді күштік құрылымдардың көзқарасы өзгеретін шығар деп үміттенеді мекеме басшылығы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл кәсіпорынды біз толығымен қолдаймыз. Үкіметке мен тапсырманы бердім.
Компания 2013 жылы құрылған. Мұндай зауыт мұқым Орталық Азияда жоқ.
Өткен айда Тәжікстан астанасында өткен «Экспо Орталық Азия-2023» көрмесінде осы көліктерге көрші елдердің басшылары таңғалыса қарағаны да сондықтан шығар.
Тек өз күштік құрылымдарымыз сол броньды техникалардың шетелдік баламаларын тәуір көреді, «арзанырақ» деген желеумен.
Төленді Жұртыбаев, «Қазақстан парамаунт инжиниринг» зауытының бас инженері:
Ал шын мәнінде салыстырып қарасаңыз, нақты классын, нақты комплектациясын, нақты зауыттан шыққан бағаларын салыстырсаңыз біздің машиналарымыз басқа шетелдік машиналарға қарағанда арзан. Техникалық мүмкіндіктері кем емес, жоғары болмаса.
Қорғаныс министрлігі бұл кәсіпорынның өнімдері қолданыста барын әрі алдағы уақытта да тапсырыс берілетінін айтты. Зауыт көліктерді Қарулы күштер ұсынған техникалық талаптарға сай жасаса, болғаны дейді.
Ербол Бегілдаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаменті бастығының орынбасары:
Құрлық әскерлерінің Мотоатқыштар және Барлау бөлімшелерінде 140-қа жуық Арлан броньдалған машиналары бар. Жыл соңына дейін мемлекеттік қорғаныс тапсырыс шеңберінде тағы 30 бірлік сатып алу жоспарланған. Құрлық әскерлерінде әртүрлі жауынгерлік модулі бар 8*8 Барыс БКМ тәжірибелік үлгісінде 2021 жылдан осы күнге дейін тәжірибелік әскери пайдалану өткізілді.
Қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысқа жауапты ведомство отандық кәсіпорындарды қорғау үшін арнайы жүйе жасалғанын айтты.
Азамат Бейісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
Мысалы, Қорғаныс министрлігінен келген тапсырма біріншіден отандық кәсіпорындар арасында қаралады. Егер олардың арасында орындаушы табылмаса, тек сол кезде «КазСпецЭкспорт» уәкілетті ұйымына беріледі. Олар шет елден өнім іздейді.
Ербол Бегілдаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаменті бастығының орынбасары:
Қарулы күштердің мүддесі үшін сатып алынатын әскери өнімді қаржыландыру көлемінің, шамамен, 50 пайызы – импорттық тауарлар. Қалғаны отандық қорғаныс өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары қамтамасыз етеді.
Президент биылғы жолдауында өндірістің өзіндегі импортқа тәуелділікті азайтуды міндеттеген. Мысалы, броньды дөңгелекті машина шығаратын зауыттың жергілікті өнім үлесі 70 пайыздан асады.
Төленді Жұртыбаев, «Қазақстан парамаунт инжиниринг» зауытының бас инженері:
Электроника, басқару жүйелері, қосымша өрт сөндіру, хабар беру сияқты жүйелерді өзімізде шығарып жатырмыз.
Енді жергілікті локализация үлесін арттыру үшін Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылады. Мұны да Мемлекет басшысы Жолдауында тапсырған еді. Қор арқылы кәсіпорындарға арзан несие ұсынылмақ.
Азамат Бейісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
Мемлекеттік бюджеттен 1 пайыз үстемесі бар несие аламыз. Ол несиені кәсіпорындарға 1,5-2 пайыз, ары кетсе 3 пайызбен отандық кәсіпорындарға бере аламыз деп сенеміз. Өйткені қазір біздің кәсіпорындардың әзірлемелері өте көп. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер не кредиттік ұйымдар қару-жарақтарды өндіретін кәсіпорындарды қаржыландыра алмайды.
Бұл мүмкіндікті «Шағала» атты ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірлеуші Таир Балбаевтың компаниясы да пайдаланғысы келеді. Себебі олар әскери өнім шығарғанымен, қорғаныс-өнеркәсібі кешеніне жататынын растай алмай жүр. Жеке ғимараты болмағандықтан. Ал бұл талап орындалмайынша олардың ұшу аппараттарын күштік құрылымдар қабылдамайды.
Қазір оның компаниясы басқа бір ұшу аппаратын жасап жатыр. Оны «Номад» деп атапты. Бірақ мұндай әскери техникаға қатысты мемлекеттік стандарт болмағандықтан, тағы да кедергілерге тап болып жатқан көрінеді.
Тайыр Балбаев, Ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруші компанияның атқарушы директоры:
Стандарт және бірқатар нормативтік құжат қабылдануы керек, міндетті түрде. Мысалы, осындай құжат болмағандықтан біз сертификат алу кезінде қиындыққа тап боламыз. Ұшқышсыз ұшу аппараттары қандай стандартпен реттелетіні әлі күнге дейін түсініксіз.
Ал салаға жауапты вице-министр әр әскери өнім түрі бойынша стандарттар кезең-кезеңімен бекітілетінін айтты.
Азамат Бейісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
Стандартизациялау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жылына 10-15 стандарт бекітіледі. Әскери өнім түрлері бойынша. Бірден бәрін қамти алмаймыз, сондықтан рет-ретімен осы жұмысты жүргізіп отырмыз.
Қазір салада 47 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жыл сайын 200 млрд теңгенің өнімін шығарып келеді. Отандық қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің әлеуеті бұдан да зор дейді мамандар. Жолдауда жаңа өндірістер ашу мәселесі де қозғалған. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Мұхтар Серікпаев, Әскери ғылым академиясының президенті, профессор, запастағы полковник:
Қазақстанда шынжыр табанды техника шығаруды қолға алған жөн деп ойлаймын. Технологияны, мысалы, Түркиядан трансферлеп алуға болады. Себебі мемлекет қай техника түрінен болсын өзін-өзі қамтамасыз ете алуға тиіс.
Бұған күштік құрылымдардың өзі де мүдделі болуы керек. Отандық өнім тапсырыссыз қалып қоймауы үшін кәсіпорындарды Президент аралап жүруі міндет емес қой?!
Данияр Қайыртай
