Қызылорда облысының шалғай ауылдарында жаңа медициналық нысандар салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының шалғай ауылдарында жаңа медициналық нысандар салынып жатыр

07.10.2023

Биыл елімізде 300-ден аса денсаулық нысаны салынып жатыр. Бұл Президент Жолдауынан туындаған басты міндеттердің бірі. Ауқымды жобаның игілігін Қызылорда облысы, Арал ауданының халқы да көруде. Әсіресе, шалғай ауылдарда жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, елді мекен тұрғындарының талап-тілегі орындалды.

Жалғызағым станциясы 30-ға жуық түтіні бар аядай ауыл. Осы кезге дейін тұрғындар дәрігерге көріну үшін Арал немесе Сексеуіл кентіне қатынап келген. Биыл көптің талап-тілегімен елдімекеннен медициналық бекет салынды. Әсіресе, жүріп-тұруы қиындаған қарттар ауыл ішінен ем-домын алып, дән риза.

Ералы Байкенов, ауыл тұрғыны:

Бұрын қиындау болды. Қалаға қатынайтын едік, Сексеуілге баратын едік бірталай жерге. Қазір үйдің қасынан ашылғаннан кейін өте жақсы болды.

Ал Бөген ауылындағы дәрігерлік емхана бұрынғы балықшылар жатақханасында орналасқан. Жарты ғасырдан асқан ғимарат әбден тозып, ескірген. Бірақ, бұл мәселе де биыл шешімін тапты. Жаңа емдеу мекемесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін ел игіліне берілмек.

Әзілхан Әбдікәрімов, Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Кешкісін осы арада бақылаймын, қараймын. Осылар қалай істеп жатыр, қалай қойып жатыр деп. Жоқ істеулері өте мұқият. Төбесін көтерейін деп тұр. Ішін тазалап жатыр.

Бөгендегі жаңа емханада Қарашалаң және Көктем елдімекенінің тұрғындары емделетін болады. Жоба бойынша 25 науқасты қабылдауға төсек орын қаралған. Жалпы ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ауданда бірқатар игі жобалар іске аспақ.

Бауыржан Қуанышбаев, аудандық Көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

2024 жылы жоспарланып отырған екі құрылыс бар. Аудандық аурухананың жанынан. Ол жапсар жай. Кардиологиялық және нейрореабилитациялық бөлімшелер ашу жоспарлануда. Тоқабай елді мекенінен дәрігерлік амбулатория және Көктем ауылынан медициналық бекет салу жоспарымызда бар.

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз бойынша 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Соның басым бөлігі ауылдық жерде. Бұл ауқымды жобаға Сыр өңірінен 27 елді мекен еніп отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу