Түркістандық ұстаз ерекше балаларға әуен терапиясы арқылы сабақ береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық ұстаз ерекше балаларға әуен терапиясы арқылы сабақ береді

05.10.2023

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «мұғалім – мектептің жүрегі, мұғалімі қалай болса, мектебі сондай болмақ» дейді. Осы орайда кәсіби құзіретін сәт сайын дамытып, жаңалық пен өзгеріске жаны құштар ұстаздарымыз баршылық. Мәселен, Түркістан облысы Түлкібас ауылындағы арнайы мектепте сабақ беретін Мейіржан Омаров – ерекше қажеттілігі бар мұғалім. Сабақ беретін оқушылары да туғаннан сөйлеуі тежелген, құлағында мүкісі бар, аутизм және дауна дертіне шалдыққан ерекше балалар. Ұстаз он жылдан бері мұндай оқушыларға әуен терапиясы арқылы сабақ береді.

Мейіржан Омаров, мұғалім:

Әуеннің өз ритмі болады ғой. Соған байланысты буынға бөліп сөйлеп үйренеді және баяу темптегі классикалық музыкаларды немесе өзімізің күйлерді тыңдағанда баланың жаны жай табады.
Қазір мұғалімнің сабағына 11 бала қатысып жүр. 9 жастағы Байкен ұстазының көмегімен осымен екінші әнді айтып үйреніп жатыр. Тілінің тұтықпасы бар оқушыға ән мәтінін жаттау да, ырғаққа ілесу де оңай болған жоқ. Қазір бір әнінен үзінді тыңдап көрейік.

Мейрамкүл Дәрібаева, Байкеннің әжесі:

Бірінші келгенде балам өте қатты тұтығатын. Осы кісілердің арқасында биді де үйреніп жатыр. Ән де айтып жатыр. Тақпақ та жаттап жатыр. Өнердің шипасы өте көп екен, соған көзім жетті.
Байкен секілді балаларға ерінбей оқытатын ұстаздардың көмегі көп қажет. Еліміздегі ерекше мұғалімдердің бірі Алматыда тұрады
Жансая Жақсықұлова 7 жылдан бері өзге ұлттың балаларына түрлі тәсіл арқылы қазақ тілін үйретеді екен. Сабақ барысында осылай заманауи технологияларды қолданатын мұғалімнің мақсаты- оқушының ойлау қабілетін арттырып, сөздік қорын көбейту. Ұстаздың бала оқытудағы ерекше әдісін көріп алайық.

Жансая Жақсықұлова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Ең алдымен, мұғалім өзіне қызықтыра білу керек екен. Егер мұғалім қызықтыра білсе, бала сол пәнді оқитын болады. Бұл менің қолымнан қазір жақсы келіп жатыр деп ойлаймын. Себебі орыс тілді, орыс ұлтының балалары «Мен қазақпын» деген кезде, қазақ тілін үйренуге деген талпыныстарын көрген кезде, мен де сондай бекерден бекер ұстаз болып жүрген жоқ екенмін ғой деген ой қалыптасады.
«Дарынсыз бала болмайды»,- деген мұғалімнің сабақ өту тәсіліне көрші елдің ұстаздары да қызығады екен. Жансая Мейірбекқызының ендігі мақсаты - мұғалімдерге арнап оқулық жазу және видео сабақтарды әзірлеу.

Хабарламаларға жазылу