Азия ойындарында каноэде ескек есуден жұптық жарыста күміс, жекелей сында қола медаль алған оралдық Мария Бровкова 7 жасынан осы спорт түрімен айналысқан. Анасы әрі бапкері Еленаның қуанышында шек жоқ.
Марияның балалық шағы осы спорт базасында өтті дейді анасы. Тіпті алғашқы қайығы да сақталған. Ескек есумен кәсіби түрде айналысқан Елена балаларын қасынан еш тастамаған. Мария 7 жасынан бастап, өз бетімен қайықта отырып үйренген. Алдымен байдарка кейін каноэның қыр-сырын меңгерген. Дарынды балаларға арналған спорт мектебін бітіріп шығып, үлкен додаларға қатысып, бірнеше дүркін чемпион атанды. 18 жастағы спортшы қыз енді Азия ойындарының жүлдегері. Айта кетейік, бүгін Мария 200 метрді 49.368 секундта бағындырып, мәреге үшінші болып келді. Ал кеше жұптық сында Руфина Искаковамен бірге күміс жүлдені жеңіп алған еді.
Елена Бровкова, Азия ойындарының күміс, қола жүлдегері М.Бровкованың анасы, бапкері:
Әрине, алтын күттік. Бірақ қытайлықтар мықты екенін түсінеміз. Десек те, уақыт нәтижесіне талдау жасасақ, олармен тайталасуға болады екен. Мүмкін Марияның тәжірибесі жетпеген болар, жас қой. Бәлкім жел қатты болған шығар. Бірақ қытайлықтарды да жеңуге болады. Енді олимпиадаға лицензия ұтып алуға дайындаламыз. Демалуға уақыт жоқ.
Ардақ Мұратқызы