Маңғыстауда Құрық портында Саржа көпфункционалды теңіз терминалы іске қосылды. Жаңа айлақтан Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалданады. Каспий арқылы Еуропаны, орталық Азия елдерін, Оңтүстік Кавказ республикалары мен Түркияны байланыстыратын орта дәліз бағытының болашағы зор. Оны Мемлекет басшысы Жолдауда да атап өтті. Президент аталған маршрутпен жүк тасымалдау көлемін 5 есеге ұлғайтуды тапсырды.
Жаңа айлақ Құрық портының аумағында орналасқан. Мұнда бір мезгілде екі кемеге жүк тиеуге мүмкіндік бар. Айлақ арқылы метал, мұнай, астық тасымалданады. Қазірдің өзінде алғашқы бір тонна мыс келіп тұр. Оны 1 аптадан кейін Әзербайжан республикасының Баку қаласындағы Говсан халықаралық теңіз портына жөнелтеді. Ал жалпы айлақтың аумағы 300 гектарды құрайды. Мұнда жылына 1,5 млн тонна астық, 20 тонналық 150 мың контейнер, 1 млн тонна жалпы жүктер тасымалдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, 5,5 млн тонна мұнай терминалы, көлік-логистикалық терминал мен уақытша сақтау қоймасы да бар. Айлаққа дейін 16 шақырым темір жол жүргізілген.
Гайдар Әдбікерімов, Орта жол транскаспий халықаралық көлік бағытының бас хатшысы:
Бүгінгі ашылып отырған айлақ өте маңызы зор. Себебі бұл шығыс пен батысты жалғаудағы бірден бір өткелдердің бірі болып табылады. Президентіміздің айтып кеткен жолдауындағы тапсырмалардың бірінің жүзеге асуы деп білеміз бүгін.