Қарқаралы жұрты жол сапасына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралы жұрты жол сапасына наразы

21.09.2023

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Мәди ауылының жолына 50 жылдан соң алғаш асфальт төселеді дегенде тұрғындар бөріктерін аспанға атқан. Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі жол салушы мердігердің жұмысы көңілден шықпады. Бұлай жалғаса берсе бюджет қаражаты желге ұшуы мүмкін-, дейді жұртшылық. Ал бұл туралы құрылысқа жауаптылар мен зертхана мамандары не дейді? 

Мәди ауылы аудан орталығы Қарқаралыдан 200 шақырым қашықта. 1975 жылы негізі қаланған елді мекенге апаратын жалғыз грейдер жолдың ой-шұңқыры шығып әбден тозығы жеткен. Биылдан бастап мұнда алғаш рет асфальт төселе бастады. Алайда тұрғындардың істеліп жатқан жұмысқа көңілі толмайды.

Өткен жылы мердігер грейдердің топырақ бетіне құрамында 4 пайыз цемент пен қиыршық тасы бар қоспаны араластырып төсейді. Бұл негізгі қабатты берік етіп, әрі асфальт жарылмас үшін серпімділігін жақсартады. Алайда дәл осы жұмыстар дұрыс істелмеді,-дейді тұрғындар.

Нұрболат Халықов, Мәди ауылының тұрғыны:

Желді күндері погрузшикпен төгеді оснаваниенің барлығын, ол жарты цементі түседі, жартысы түспейді жерге. Былтыр салған топырақтан түк қалмады. Барлығы сол көктемде қармен бірге еріп кетті. Қазір ұшып кеткен тақыр грейдердің үстінен асфальт төсеп жатыр.

Биыл тағы қаражат бөлініп жұмыс жалғасын тапты. Мердігер асфальт төсеуді бастаған. Алайда техникалық бақылау кезінде 200 шаршы метр аумаққа күйген асфальт төселгені анықталған. Қазір сапасыз материалды қырып тастаған. Орнынан жаңасын салады. Тұрғындар шағымынан соң зертхана мамандары жол бойынан 6-шы мәрте сынама алыпты.

Рустам Юсупов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ҚОФ инженері: 

Мердігер өткен жылы ресайклинг әдісімен, яғни негізгі топырақ қабатына құрамында цементі бар қоспа материалды араластырып төккен. Алайда бөлінген қаражаттың жеткіліксіз болуына байланысты үстінен асфальтты биыл төсеп жатыр. Ал технологиясы бойынша біздер 48 сағат ішінде төсеуді ұсынамыз. Үстінен көліктер жүріп, бір жыл бойына ашық жатқандықтан ресайлингтелген қабаттың беріктігі жойылған.

Зертхана қорытындысы тиісті органдарға жіберіледі. Жалпы жоба бойынша биыл 15 шақырым жол асфальталуы тиіс еді. Алайда қаражаттың тапшылығына байланысты тек жеті шақырымға ғана төселеді.

Қуандық Таласбаев, Қарқаралы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жалпы бұл жобаның құны 818 млн теңге. Былтырғы жылы республикалық бюджет есебінен 320 млн теңге бөлінген болатын. Биылғы жылы жұмыстарды жалғастыруға 220 млн теңге қарастырылды. Бюджеттің тапшылығына байланысты биылғы 2023 жылы жұмысты аяқтауға қаражат жеткіліксіз болып тұр.

Ауылда 300-ден астам тұрғын бар. Грейдер жолдың азабын жылдар бойы тартып-ақ келеді. Оның ұзындығы тура 100 шақырым. Мынадай баяу қозғалыспен қашан тақтайдай тегіс жолдың рахатын көреміз,-дейді қамыққан жұрт.


Хабарламаларға жазылу