Президент: Қуаңшылықтың кесірінен 2050 жылы Орталық Азияда 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигрант пайда болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қуаңшылықтың кесірінен 2050 жылы Орталық Азияда 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигрант пайда болуы мүмкін

15.09.2023

Қуаңшылықтың кесірінен 2050 жылға қарай Орталық Азияда 5 млн-ға жуық ішкі «климаттық» мигрант пайда болуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасында өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысында осылай деді. Әрі су ресурсын үнемдеу үшін аймақ елдерін цифрлық технологияларды енгізуге үндеді.

Арал теңізінің тартылуын халықаралық салалық қауымдастық жүзжылдықтағы ірі экологиялық апат деп мойындаған. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Аралдың көп бөлігі құмға айналды.

Халықаралық Аралды құтқару қоры – Орталық Азия елдеріндегі су мәселесін шешу үшін құрылған. Биыл саяси ұйымға 30 жыл толып отыр. Құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мерейтойлық Саммитке қатысу үшін Душанбеде бас қосты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйеніп, «аймақтағы температура орташа көрсеткіштен әлдеқайда тез көтеріліп барады», - деді. Бұл Аралдың негізгі су көзі саналатын мұздықтардың еруіне әкеп соқтырып жатыр. Мемлекет басшысы кейінгі 50 жылда мұздықтар көлемі 30 пайыз кішірейгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады.

«Өңірдегі екі негізгі өзен – Сырдария мен Әмударияның арналарында 80-нен астам су қоймасы салынған»,- деді Президент. Ал бұл әлеуметтік-экологиялық проблемаларды ушықтырады деген болжам бар. «Сондықтан мемлекеттер су саясатында табиғи ресурс шектеулі екенін ескеруі керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу – ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордың тиімділігін арттыру үшін басқарма мен Атқарушы комитеттің өкілеттігін және жауапкершілігін кеңейтуді ұсынды. Әрі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Президент Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын да көтерді. Әрі Қырғызстан қайтадан аталмыш қордың толыққанды мүшесі болады деп үміттенетінін айтты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Халықаралық Аралды құтқару қорына ендігі жылдан бастап 3 жыл бойы Қазақстан төрағалық ететін болды. Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді де 2026 жылы біздің тарап өткізбек. Мемлекет басшысы Қордың қызметін мүлде жаңа деңгейге көтеруге бар күш-жігерімізді саламыз деді.


Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу