Орталық Азия елдері сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуге қауқарлы – Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдері сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуге қауқарлы – Президент

14.09.2023

«Орталық Азия елдері өзара сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуге қауқарлы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші Консультативтік кездесуінде осылай деді. Қазірдің өзінде аймақ ішіндегі тауар айналымында оң динамика байқалады. Кейінгі 5 жылда бұл көрсеткіш 80 пайызға өсіп, 10,5 млрд долларға жеткен. 

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі соңғы рет былтыр шілдеде Қырғызстанда өткен еді. Сол кезде президенттер биылғы саммитті Тәжікстанда өткізуге келіскен болатын. Әрі Әзербайжан басшысын құрметті қонақ ретінде шақыртуға уағдаласқан еді.

Халықаралық аренада аймақтың беделі артып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – сауда, инвестиция, бизнес пен ғылымда жаңа экономикалық мүмкіндіктер алаңына айналды» деді. Әрі алдағы он жыл «бестік» үшін шешуші кезең болатынын айтты. Алдымен елдер арасындағы сауда-саттық қарқынын ұлғайтуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар. Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді. Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз.
Бұдан шығатын мәселе – өнеркәсіп кооперациясы. Яғни, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісін қолға алған маңызды. Әлемнің көп елі осындай үрдіске көшкен. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев, Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыттың бірі – елдердің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті екенін жеткізді. Осындай мақсатпен «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары мен «Жаңаөзен – Түркіменстан» автомобиль жолы салынып жатқанын айтты. Консультативтік кездесуде тараптар осы саланы дамытуға арналған келісімге де қол қойды.

Жамшед Жумахонзода, Тәжікстан Сауда-өнеркәсіп палатасының Төрағасы:

Орталық Азия елдері арасында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол қойылды. Демек енді алыс-беріс артып, барыс-келіс көбейеді. Қазірдің өзінде жаңа дәліздер ашылып жатқанын байқаймыз. Бұл – аймақ ішіндегі ғана емес, аймақтың әлемнің басқа ойыншыларымен де сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға сеп.
Президент геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш-жігер біріктірудің маңыздылығына да тоқталды. Әрі «Орталық Азия+» форматындағы кездесулерде ұлттық мүдделерімізді алға тартып, ортақ ұстанымда болу қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті. Алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы жалпыөңірлік телеарна мен жаңалықтар сайтын құру бастамасын биыл тағы көтерді. Әрі ендігі жылы Орталық Азия елдері тарихшыларының форумын өткізуді ұсынды. Саммит соңында тараптар қорытынды декларацияға қол қойды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Консультативтік кездесу форматына енді Қазақстан төрағалық етеді. Демек келесі саммит Астанада өтеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аймақтағы әріптестерін сол басқосуға шақырды.

Хабарламаларға жазылу