Басты Жаңалықтар Бітпеген құрылыс, кешеуілдеген жұмыс шымкенттіктерді әбігерге салды

Бітпеген құрылыс, кешеуілдеген жұмыс шымкенттіктерді әбігерге салды

Шымкентте алажаздай тым-тырыс болған жол құрылысшылары күз келгенде қала көшелерін шетінен қырнап, бұзып, қопаруға кірісті. Олардың бұл әрекеті демалыс маусымы аяқталып, оқу жылы басталған тұста жүріп-тұруды қиындатып жіберді. Ал кейбір қайта салынып жатқан көшелердегі құрылыс сақалды нысанға айналып барады. 

Қазір шаһардағы көптеген көшедегі көрініс осы. Жонарқадан таспа тілгендей етіп, беткі тегіс қабатын сылып алып тастаған. Көліктер ыңыранған ауыр техникалардың арасымен әрең өтеді. Шаң-тозаң, жол жиектері үйілген тас пен бетонға толы.

Қанат Байысов, қала тұрғыны:

Бізде неге екенін қайдам, күзде бастайды. Жаңбырмен, лаймен араласып адамдардың жүріп тұруына өте кедергісін көп тигізіп жатады.

Құрманғазы Айқожаев, қала тұрғыны:

Көпшілік көшені байқаймын қырылған, бірақ артынан асфальт түспеген. Негізінде қырған соң дерек істеп кетсе жақсы болар еді.

Ал тәулігіне 5 мың автокөлік әрі-бері қатынайтын Адырбеков көшесінде құрылыс жоба бойынша бір жылда қайта салынып бітуі тиіс болған. Бірақ бес жылдан бері аяқталатын емес. Топографиялық түсірілім дұрыс жасалмағандықтан, жер астындағы коммуникациялық желілер жұмысқа қиындық туғызуда,-дейді құрылысшылар.

Сәдуақас Ысмайылов, мердігер компанияның учаске басшысы:

Жолды кеңейту себептерінен жол жиегіндегі орналасқан үйлерді мемлекеттік меншікке өткізу немесе сатып алу жайлы тездестіріп беруді өтінгенбіз. Біз соған қарап тіреліп тұрған едік. Ол мәселемен бірнеше рет басқармаға шыққанбыз.

Құрылыс жұмыстарының созбалаңға салынуынан жол салуға қаралған 1,6 миллиард ақша жетпей қалды. Енді тағы да қаржы бөлініп отыр.

Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Бағалардың көтерілуі және жобада қаралмаған жұмыстарды есепке ала отырып, жобалау сметалық құжаттаманы қайта қарау болды. Сонымен соңғы келісім шарт ол 2,6 миллиард теңге болды.

Шаһарда құрылысы ұзаққа созылған нысан бір бұл емес. «Жұлдыз» елді мекеніндегі үлкен көпір әлдеқашан салынғанымен ешбір пайдасы болмады.

Қазынаның қыруар қаржысы жұмсалған мына көпірдің салынғанына 3-4 жылдан асып барады. Іргедегі үйлердің төрт түлігі болмса әлі күнге үстімен бірде-бір техника жүрген емес. Өйткені өткелдің басы бар да аяғы жоқ. Көпірдің екінші жағы жарқабаққа барып тіреліп тұр.

Осылайша Шымкенттің жұртшылығы бітпейтін құрылыс, кешеуілдеген жұмыстың арқасында айналма жол іздеп, уақытын кептелістерде құр өткізумен жүр.


Бөлісу