Президенттің бизнес өкілдерімен кездесуінде не айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің бизнес өкілдерімен кездесуінде не айтылды

12.09.2023

Билік пен бизнестің қарым-қатынасы жаңа үлгіге көшуі тиіс. Бүгін отандық кәсіпкерлермен кездесу өткізген Президент салада қордаланған мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша экономика қарыштап дамуы үшін бизнеске барынша қолдау көрсетілуі керек. Десе де, бұл тапсырма ойдағыдай іске асып жатқан жоқ. Тіпті, еліміз кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өз әлеуетін толық пайдалана алмай отыр, деді Мемлекет басшысы. Сондықтан саланы өркендетудің негізгі 5 бағытын айқындап беріп, заңсыз ақтив иелеріне соңғы ескерту жасады.

Бұл еліміздің қалталы кәсіпкерлері. Арасында есімдері форбстың байлар тізімінде жүргендері бар. Барлығын Ақордаға жинаған Президент бизнестегі түйткілдерді талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша бізде кәсіпкерлерге қысым көрсету әлі азаймай тұр. Тіпті нарықтық ел бола тұра, бағаны шектеу, реттеу секілді кеңестік кезеңнен қалған тәсілдер сақталып келеді. Бизнестің дамуын тежейтін мұндай директивті әдістен бас тартуымыз керек, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды.
Сондай-ақ бізге экономиканы ынталандыратын әділ салық саясаты қажет. Қазір біздің заңнама күрделі тіпті кейбір тұстары түсініксіз дейді президент. Бұл инвесторлардың сенімін азайтып, бизнеске жоқ жерден мәселе тудырады. Кейін салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа сүйрейді. Енді бұған жол берілмеуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек.
Тағы бір маңызды бағыт – индустрияландыру. Бірақ өңдеу өнеркәсін дамытып, өнім шығарамын деген кәсіпкерлерге де кедергі көп. Содан кәсіпорындардың «ғұмыры» ұзаққа бармайды дейді президент. Ал жауаптылар жергілікті өнімге қатысты жалған мәлеметтер береді. Мұндай көзбояушылық керек емес деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміздегі компаниялардың төрттен бірі ғана ашылғаннан кейін екінші жылы нарықта қалады. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың әлі де жетілмегенін көрсетеді. Бірақ мұның басқа да аспектілері бар. Мәселен, қазіргі жағдайда көптеген ел ішкі нарықты қорғау және қолдау шараларын белсенді қолданып жатыр. Осы озық тәжірибені батыл әрі кеңінен меңгеруіміз керек. Мен мұны Үкіметке айтып отырмын.
Бұдан бөлек, Президент биліктің бизнеске жақын болып, оны жан-жақты қолдау шараларын қайта қарауды тапсырды. Әрі заңсыз актив иелеріне соңғы мүмкіндік жасап, экономикаға қаржы құюға шақырды. Өйткені жасырғанын өз еркімен жария етсе де, кейін кеш болуы мүмкін. Ал Атамекен кәсіпкерлер палатасын трансформациялау қажет. Ол бұдан былай әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда негізгі міндеттерді атқаруы керек.

Қорыта айтқанда, Президент ел экономикасының дамуын 6-7 пайызға жеткізуді тапсырды. Ол үшін бизнесті қанау емес, қолдау қажет.

Хабарламаларға жазылу